|
02.04.2018 | 19:50
7870

Алматының қос темір жол вокзалы күрделі жөндеуден өткізіледі

Алматының қос темір жол вокзалы күрделі жөндеуден өткізіледі

Алматының қос темір жол вокзалы күрделі жөндеуден өткізіледі. Мұны қала әкімдігі мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы бірігіп атқармақ.

Бұқараның базынасы жерде қалмады. Өткен аптаның басында темір жол вокзалының қазіргі кейпін жолаушылар әбден сынға алып, ғимараттың күрделі жөндеуді қажет етіп тұрғандығын алға тарқан болатын. Олқылықтың орнын ретке келтіру үшін шұғыл жұмыс тобы құрылып, олар екі күннің ішінде тексерісті тәмамдап үлгерген. Енді  қабырғасы кірден көрінбейтін, есіктері сынған, тіпті дәретханасына дейін тазалықтан жұрдай  қос нысанды кілтипансыз кейіпке келтіру жұмыстары қыза түспек.

«Шешім қабылдап жатырмыз, биылғы жылы «Алматы-1» вокзалы бойынша жобалау жұмыстары жүргізіледі. Келесі жылы күрделі жұмыстарды бастап, бітіруді жоспарлап отырмыз. «Алматы-2» вокзалы бойынша жоба құжаты келесі жылдың жазына дейін жасалып, жаздан бастап күрделі жұмыстар бастаймыз. Ол жұмыс 2019 жылы басталып, 2020 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр», - деді «ҚТЖ» ҰҚ» вокзал шаруашылығы бойынша атқарушы директоры Жұбан КӨРПЕБАЕВ.

Осылайша, қаладағы қос вокзалдың қазіргі кейпі көңіл көншітпейтінін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мойындап отыр. Заманауи талаптарға сәйкес, «ана мен бала, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы бөлемнің жоқтығыны да растады.  Енді күрделі жөндеу кезінде  осының барлығымен қоса, қоғамдық көлік пен вокзал алдында жолаушыларға таласып тұратын таксисттердің мәселесі қоса шешілмек.

Алматының қос вокзалын жалғайтын бүгінде бір ғана темір жолы бар. Алдағы уақытта оның екіншісі салынуы мүмкін. Егер жоспар сәтті іске асып жатса, онда бірінші вокзалға ағылатын жұрттың саны азаяр еді. Сондай-ақ «Сейфуллин» даңғылындағы көлік тығыны да қысқарады деген үміт бар.


Әйкерім Ердәулетқызы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир