Биыл Алматыны дамытуға қосымша 21 млрд теңге бөлінбек. Бұл шешім қалалық мәслихаттың кезекті жиынында белгілі болды. Басымдық жолдарды жөндеуге, қоғамдық көліктердің санын арттыру мен аулаларды абаттындыруға беріледі. Айталық, Алатау мен Наурызбай аудандарында тас жолдың жоқтығы тұрғындарды титықтатып отыр. Олар осыған дейін жергілікті билік өкілдеріне бірнеше рет шағымданған. Қордаланған бұл мәселе биыл шешімін табады. Атқамінерлер бюджеттен үнемделген қаражатқа енді жаңадан асфальт төсемек.
"Ақбұлақтағы" бұл көше мүлде жөндеу көрмеген. Ойдым жерден аяқ алып жүру - мұндағылар үшін тіпті мұң. Көліктер де тығылып қалады. Жауынды күнде қара жер шыланып жатады, ал аптапта кепкен топырақ тозаңға айналады. Мұндайдан мұндағы жұрт әбден мезі болған.
«Осы "Ақбұлақта" тұрып жатқаныма 20 жылдан асты. Содан бері мына жолдың жөнделгенін еш көрмегем. Өткенде осы төңіректегі тұрғындармен бірлесіп, әкімшілікке бардық. Жолдың жоқтығын айтып, арыз жаздық»,- деді Қала тұрғыны, Керімқұл ӨТЕНОВ.
Арызданған ағайынға аудан әкімдігі жолды салып беруге уәде еткен. Көп ұзаған жоқ, қазір Рүстемов көшесінде жаңа асфальт төсеу жұмыстары басталып кетті. Шамамен 30 адам жауапты жұмысқа жұмылдырылған. 10 шақты техника тағы бар. Олар алдағы күзге дейін жолды тақтайдай тегістеп, жиектерін жөндеп, атымен болмаған арық жүйесін қазып береді. Одан қалды, жарық бағандарын да жаңартады.
Биыл Алатау ауданында ұзын-ырғасы 11 шақырымға жуық жерге жаңа асфальт төселеді. Құрылыстың дені "Ақбұлақ" ықшам ауданында жүреді. Іргелес "Алғабас" ауылы да тегіс жолға қарық болады.
«Жұмысшылар келіп жатыр. Жол жөндеуді бастады. Қуаныштымыз»,- деді Қала тұрғыны, Бақыт БЕРКІНБАЕВ.
Жол азабын Наурызбай ауданының тұрғындары да ұзақ жылдан бері тартып келеді. Мәселен, Шоқан Байназардың "Алты Алаш" ықшам ауданына көшіп келгеніне 17 жылға жуықтаған. Содан бері, өзі тұрған мына көше - мүлде жөнделмеген екен. Тек кәріз құбырлары ішінара жүргізілген.
«Бала-шаға мектепке барады. Мына жолдың үстін жөндеп берсе. Мұнда асфальт мүлде түспеген. Одан кейін, бардюр салып, арық жүйесін ретке келтіріп берсе. Біздің бар сұрарымыз осы»,- деді Қала тұрғыны, Шоқан БАЙНАЗАР.
Қалалық бюджет қаражаты былтыр тиімді игерілген. Сондықтан мәслихат депутаттары үнемделген ақшаның 2,4 млрд теңгесін жаңа жол салуға бөлуді ұйғарыпты. Одан бөлек, 97 шақырымдық көшенің ойылған орындары жамалмақ. Ол жұмысқа 2 жарым млрд теңге қарастырылған.
«Қаланың көше-жол желісін дамыту, қоғамдық көлікті пайдаланатын жолаушыларға дұрыс жағдай жасау мақсатында ұзындығы 95 шақырым болатын жолдарға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қосымша 2,5 млрд. теңге бөлінеді. 2,4 миллиард теңгеге Алатау ауданындағы "Алғабас", "Ақбұлақ", Наурызбай ауданындағы "Қалқаман", "Алтын Алаш" елді мекендерінде жаңа жолдар салынады»,- деді Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы, Мақсат ҚИҚЫМОВ.
Мәслихаттың осы жиынында Алматыны дамытуға бас-аяғы 21 млрд теңгенің бөлінетіні белгілі болған. Жолдан бөлек, биыл үнемделген ақшаға жаңадан 297 автобус сатып алынады. Оған 11 жарым млрд теңге жұмсалады.
Дастан Сейілханұлы, Нұржан Оразбеков, "Алматы" телеарнасы