Алматының Алатау ауданында бірнеше көшенің тұрғындары көше жарығына жарымай отыр

Алматының Алатау ауданында бірнеше көшенің тұрғындары көше жарығына жарымай отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Алатау ауданында бірнеше көшенің тұрғындары көше жарығына жарымай отыр. Себебі, электр жүйелерінің тозығы жетіп, істен шыққан. Жарық мәселесі жыр болған тұрғындар, жергілікті биліктен талай мәрте көмек сұраған екен. Алайда, мардымды жауап ала алмапты. Енді сабақтан кештеу қайтатын балаларының өміріне алаңдаған тұрғындар арнамыздың уатсап нөміріне хабарласып, жағдайларын жария етті.

Алатау ауданындағы жұртшылық үшін жарық жыр болғалы қашан. Мәселен, мына Өтемісұлы көшесінде жарық шамдары бар деген атауы ғана болмаса, біреуі де жанбайды. Соның салдарынан жергілікті тұрғындар бірнеше жылдан бері түн ішінде көшеге шығудан қорқады. Әсіресе, сабақтан кеш босап, ымыртта үйге қайтатын балаларға обал дейді тұрғындар. Бұдан қалды, көлік жүргізушілері де көз байлар қараңғылықтың қиындығын көріп отыр.

Қазір Алатау ауданы бойынша ұзындығы 154 шақырым желіні құрайтын, 169 көшеде жарық жоқ. Оларға электр қуатын беру үшін «Алматы қала жарық» мекемесі 2013 жылы жобалық-сметалық құжаттама дайындаған. Осыған сәйкес, жарықпен қамту жұмыстары қаржының бөлінуіне орай кезеңмен жүргізілуде екен.

Өтемісұлы көшесі бұл да жобалық-сметалық құжаттамада бар. Бірақ, «Алматы қала жарық» мекемесі тарапынан біздегі мынау қосылған аумақтар бар. «Боралдай», «Рахат», «Мәдениет» ақшамаудандары. Биылға сол ықшамаудандарды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, аудандағы орталық деген көшелерді де жоспарлап отырмыз. Қаржы мәселесі шешілсе, биыл бөлінетін болса әрине құрылыс жұмыстары биыл басталады»,- деді Алматы қаласы, Алатау ауданы көріктендіру бөлімінің басшысы, Ерғали МАХАМБЕТОВ.

Әкімдіктегілердің сөзіне сенсек, Өтемісұлы көшесіндегі электр жүйелерінің әзір жөнделе қоятын түрі жоқ. Өйткені, аудандағы жарығы жоқ 169 көшенің тек бесеуіне ғана 2015 жылы электр қуаты берілген екен. Былтыр қаржының қарастырылмағанына орай бұл  жұмыстар тоқтатылған. Ал, жауаптылар биыл аудандағы 10 көшеге жарық беруді жоспарлап отыр.

Айдана Мейрамбайқызы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров