|
09.11.2017 | 17:51
1992

Жуырда «Алматы» арнасында көрермендерді күлкіге қарқ қылатын жаңа жоба ұсынылмақ

Жуырда «Алматы» арнасында көрермендерді күлкіге қарқ қылатын жаңа жоба ұсынылмақ

«Алматы» телеарнасында премьера. Жуырда көрермендерді күлкіге қарқ қылатын жаңа жоба ұсынылмақ. Қазіргі қоғамда жиі кездесетін жайттар арнамыздың төл тың туындысында көрсетілмек. Әдемі әзілдер мен бірін-бірі қайталамайтын қызықты кейіпкерлер.

Телехикаядағы басты кейіпкер дәл осы ғалым. Оның ойлап тапқан жобалары бірі-бірінен өтеді. Ол адамның ойына келмейтін дүниелерді ұсынады. Оған қаржылай қолдау табу мақсатында түрлі амалдарға барады.

«Қабылдайтын адам қуып жібереді. Ертең қалай келемін деп ойладым да, образымды өзгертемін. Мысалы, бүгін былай өз қалпымда,  басқа сериясында басыма сәлте орап аламын. Басқа киім киемін. Орыс тілінде түсіріп жатқандықтан акцентпен сөйлеймін.  Бірақ арасында өзім екендігін білдіріп қоямын. Ал ол қабылдайтын адам біледі мен екенімді», - деді актёр Тимур МАҚАЖАН.

Ғалымның мұндағы өмірі әзіл-қалжыңға толы. Ол көрермендерді күлкіге қарқ қылатын оқиғалардың ортасында жүреді. Бұдан бөлек, үй шаруасындағы келіншектің әңгімесін, блогер және бастық пен қызметкердің шым-шытырық хикаяларына куә бола аласыздар. Туындының нақты атауы әлі қойылмаған әзірше, «ақылды жанның бастан кешкендері» деген тақырыпқа тоқталған. Оның мазмұны күнделікті адамдардың өмірінен алынған. Сценарий авторлары елде болып жатқан оқиғаларды қалжыңмен көрсетуге тырысқан.

«Осы кейіпкерлерді тізу арқылы скетчта қандай рөл атқаратыны арқылы-ақ көп нәрсе байқауға болатын шығар.  Бұл өзі Алматы қаласындағы тұрғындар жайлы. Осы қалада болып жатқан кейбір келеңсіз, кейбір оқыс оқиғаларды қалжыңдап айту. Соны сырттан көрсету. Өзімізді сол ситуацияға қойғызып көргізу. Сол кезде адам баласы бір нәрсені өзгертер деген үміттегі скетчтар. Тағы қайталап айтамын, біз бұл жерде ешкімді мазақ қылмаймыз, қылжақтап күлмейміз. Бұл таза қалжың немесе әзіл», - деді сериалдың продюсері Еркебұлан ӘЛІМЖАНОВ.

Жалпы сериал 20 бөлімнен тұрады. Тың жобаға 10-ға жуық актер жұмылдырылған. Жаңа телехикаядан тіс қаққан шебер әртістермен бірге, жастарды да көресіз.

«Осы скетчта ойнайтын барлық біздің кейіпкерлеріміз қарапайым жандар. Сондықтан да біз қарапайым жандарды шақырдық. Немесе актер, бірақ жүзі таныс емес. Өйткені таныс, атағы шыққан актер болатын болса, онда әр актердің өзінің қалыптасып қалған амплуасы бар. Сол амплуа арқылы оны қабылдау қалжыңда, осындай оқиғада қиындау болғандықтан, мүлдем тың актерларды таңдауға тырыстық», - деді сериалдың продюсері Еркебұлан ӘЛІМЖАНОВ.

«Соңғы кезде келеңсіз жайттар көбейіп кетті. Жабырқаулы жандарды жиі кездестіресіз. Көшеде күлімдеп жүрсең, біреулерге ол оғаш көрінуі мүмкін. Менің ойымша, керісінше жайдары көңілді адамдар қатары неғұрлым көбейсе, соғұрлым әлем де нұрлана түседі», - деді сериалдың қоюшы-режиссёрі Ерлан ҚУАНЫШБАЕВ.

Телехикаяның жартысы түсіріліп қойған. Көрермендерге тамаша көңіл күй сыйлайтын ірі жоба жақын күндері жол тартпақ. Қапы қалмаңыздар!

Перизат Көмекбайқызы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир