Радио, ерекше үй, «МузАРТ» әншісі: Алматыда үздік әлеуметтік жобалар анықталды

Радио, ерекше үй, «МузАРТ» әншісі: Алматыда үздік әлеуметтік жобалар анықталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Үздік әлеуметтік жобалар анықталды. Алматы қаласының әкімдігі мен «Нұр Отан» партиясының аумақтық филиалы осымен 5-ші рет өтіп жатқан байқауды ұйымдастыруға биыл да атсалысты.

20-сәуірде басталған конкурсқа алматылықтардан 13 жоба келіп түскен. Бәрі де мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жақсартуға бағытталады. Жобалардың ең мықтысын арнайы конкурстық комиссия сарапқа салып, бүгін үздіктерді марапаттады. 

«Қызықты жобалар өте көп болды. Ерекше жобалардың ішінде ең ұнағаны – радио. Онда тек мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыс істейді. Тағы бір ерекшелігі – бұл тек әлеуметтік қана емес, бизнестік жоба. Осындай жобалардың арқасында белгілі бір ерекшелігі бар адамдарға көмек көрсетіледі, жұмыс орындары ашылады және олар табыс таба алады. Жалпы алғанда, адам өмірін жақсартуға әсер етеді», – деді «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жұлдыз ОМАРБЕКОВА.

Әлеуметтік жобасын ұсынғандар арасында МузАРТ тобының әншісі Кенжебек Жанәбілов те бар. Ол құлағы естімейтін балалардың есту қабілетін дамытуға арналған жобаны ұсынып, екінші орынды жеңіп алды. Ал осыдан бір жыл бұрын ашылған «Тәуелсіз тұруға бейімдейтін үй» жобасы бірінші орынды ұтып алды. Бұл- психоневрологиялық аурулары бар адамдарды қоғамға бейімдеп, өз беттерімен өмір сүруіне көмектесетін орталық.  

«Жеңімпаз атанғанымызға өте қуаныштымыз. Бұл жаңа әрі ерекше жоба. Бір жыл бұрын ғана ашылсақ та, жақсы нәтижеге жеттік дей аламын. Бүгінгі күні бұл үйде 20 адам тұрады. Оның барлығы да жұмыспен қамтылған», – деді №1 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Данипа ЫСҚАҚОВА.

«Бірінші рет мемлекеттік мекеме өзінің жобасын іске асырып жатыр. Бұл дегеніміз – үкіметтік емес ұйымдар мен екеуінің арасындағы бәсекелестік. Соның арқасында жаңа жобалар іске асып жатыр. Биыл демеушілердің көмегімен, 1-орынға 1 млн теңге, 2-орынға 700 мың теңге, 3-орынға 500 мың теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетіліп жатыр. Жалпы, бұл жобаларды тек жүлде беріп қана қоймай, ары қарай қолдау да басты мақсатымыз», – деді Алматы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мейіржан ОТЫНШИЕВ.

Бүгін жеңімпаз атанған жобалар енді республикалық байқауда бақ сынайды.  


Новости партнеров