|
07.08.2017 | 11:16
1145

Допингті пайдаланып, таратқандарға жаза күшейеді

Допингті пайдаланып, таратқандарға жаза күшейеді

Допингті пайдаланып, оны таратқандарға жаза күшейеді. Әділет министрі Марат Бекетаевтың төрағалығымен өткен ведомостваралық комиссияның отырысында жаза мөлшері мен оның уақыты айқындалатын заң жобасы талқыланды. Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев заңға өзгеріс енгізуге соңғы уақытта спортшыларымызбен орын алған оқиғалар түрткі болған, деді. Енді тыйым салынған препараттарды пайдаланып немесе таратқаны үшін спортшы ғана емес, оның қасында жүрген бапкер, дәрігерлер мен басқа мамандар да жауапқа тартылады. Ал мемлекет тарапынан берілген сыйақылар кері қайтарылады.

«Заң жобасында тыйым салынған препараттарды пайдалану мен тарату бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделген. Оның уақыты мен жаза түрі тұжырымдаманы дайындау барысында белгілі болады. Сонымен қатар, дене шынықтыру мен спорт саласында жетістікке жеткен спортшылар, бапкерлер, дәрігерлер мен басқа мамандарға берілген мемлекеттік сыйлықтар да кері қайтарылады», - деді Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Серік ЖАРАСБАЕВ.

Алматы облысындағы «Ақбұлақ» курорты болашақта ойын аймағына кіруі мүмкін. Бұл жөнінде де Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл туристерді тартып, қазынаның бүйірін томпайтуға өз септігін тигізбек. Бұдан бөлек, ойын автоматтары мен букмекерлік орталықтарды да оқшаулау көзделуде. Ал букмекерлік орталықтардың айналымындағы қаражатты анықтау үшін арнайы бәс тігуді тіркейтін орталық құрылуы мүмкін. Аталмыш заң жобалары 2018 жылы Мәжіліс қарауына жіберуге жоспарлануда.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир