Мақатаевты мазақ еткендер темір торға тоғытылуы мүмкін

Мақатаевты мазақ еткендер темір торға тоғытылуы мүмкін
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мақатаевты мазақ еткендер темір торға тоғытылуы мүмкін. Алматылық тәртіп сақшылары ақиық ақынның мүсініне балағат сөздер жазып, шайырды қорлағандарға қатысты қылмыстық іс қозғады. Егер мұзбалақ ақынды келемеждегендер қолға түссе, заң алдында қатаң түрде жауап береді. Олар тіпті 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қазір қаламыздың полиция қызметкерлері кінәлілерді іздестіруде. Әрі Мақатаевтың мүсіні тұрған аумаққа бейнебақылау камерасын орнатуды жоспарлап отыр. Одан бөлек, саябақты жиі тексеруді қолға алмақ.

«Қылмыстық кодекстің 293 бабы 1-ші тармағы бойынша қылмыстық іс қозғап, біріңғай сот алды тергеу енгізген болатын. Қазіргі таңда арнайы тергеу тобы бұл іске қатысты бар тұлғаларды анықтау үстінде. Олар міндетті түрде ұсталып, жасаған әрекеттері үшін жауап беретін болады», - деді  ІІД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.

Есте болса, апта басында бәзбіреулер Мақатаев ескерткішіне балағат сөздер жазып, ақынды қорлаған болатын. Біздің арна эфирінен осы материал көрсетілгеннен кейін тәртіп сақшылары күдіктілерді іздестіруге кірісті. Ал, жергілікті билік өкілдері бұл бассыздықтан бейхабар екен. Тек біздің арна тілшілерінің араласуымен ғана балағат сөздерді өшіріп, мүсінді қалпына келтірген болатын.


Новости партнеров