Қазақстан мектептерінде бірыңғай тамақтану стандарты енгізіледі

Қазақстан мектептерінде бірыңғай тамақтану стандарты енгізіледі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы 131 мектепте санитарлық ережелердің бұзылуы анықталған. Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті білім ошақтарында 242 жоспарлы және жоспардан тыс тексеру өткізген. Соның ішінде, санитарлық-техникалық құрылғылардың дұрыс жұмыс істемеуі, еден жабындыларындағы ақау, жасанды жарықтың талапқа сай болмауы сынды талаптардың сақталмауына байланысты оларға айыпұл салынған.

Одан өзге, жаңа оқу жылынан бастап оқушыларға арналған бірыңғай тамақтану стандарты енгізілмек.  

«4 апталық ас мәзірі қазақ тағамтану академиясы, Ұлттық салауатты тамақтану орталығы мамандарымен бірлесіп әзірленді. Мұндағы басты мақсат –тамақтануды оңтайландыру арқылы денсаулықты нығайту, сақтау, тағамның сапасын арттыру, қауіпсіздік күшейту және қолжетімді ету. Бұған дейін тек рұқсат етілген және жол берілмейтін азық-түлік түрлері көрсетілетін. Мектепте тағамтану бойынша қызмет көрсететін кәсіпкер тағамтану рационын өзі дайындайтын. Енді қажетті килокалория ескерілген күнделікті мәзір әзірленді», – деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Айзат МОЛДАҒАСЫМОВА.

Осы жылдың бірінші жартыжылдығында 19 мыңнан астам оқушыда соматикалық патология анықталған. Бұл жалпы білім беретін мектептерде медициналық тексерулерге мониторинг жүргізу барысында белгілі болған. Тәлімгерлер арасында көру мүшесі, орта жүйке жүйесі патологиясы және тыныс алу мүшесі аурулары кең тарапты.  


Новости партнеров