Қостанайда 40 мың теңге пара алған тергеуші екі жылға сотталды

02.02.2018 01:43

Пара алған тағы бір тергеуші темір торға тоғытылды. Бұл жолы қостанайлық құқық қорғаушы қызметін теріс пайдаланып, қылмыстық істі тоқтату үшін 40 мың теңге ауызбастырық сұраған. Сот материалдарына сүйенсек, сақшы сұраған сомасының өтеуі ретінде сотта айып төлеп, айласын асырмақ болған. Бірақ парақор полицейдің талабын қазы кері қайтарып, екі жылға қаматып тастады.  

40 мың теңге бола өмірін өзі өзгертетінін экс-тергеуші Дәурен Нұрпейіс ойламаса керек. Араны ашылған Дәурен өткен жылы Бабенко есімді азаматтың өліміне қатысты қылмыстық істі тексерген. Тергеу барысында полицей мерт болған азаматқа күдікті Анапин ғана емес, куәгер Сейілхановтың да ауыр дене жарақатын салғанын анықтаған. 

«Нұрпейіске Сейілхановты Анапиннің өліміне қатысты қозғалған қылмыстық істе жауапкершілікке тартпау үшін одан пара алу туралы ой келген. 2017-ші жылдың 26-ші қараша күні өзінің жұмыс кабинетінде отырып, Сейлхановпен әңгіме барысында одан 40 мың теңге көлемінде ақша әкелуін ұсыныпты», - деді мемлекеттік айыптаушы Тимур ШЕКТІБАЕВ.

Бірақ куәгер ақшаны тергеушіге бермей, қайта парақорды жазалауды көздеген. Ал, полицей еш күдіктенбестен ауызбастырықты алу үшін туған әкесін жіберген. Егде жастағы қария ұлының арам пиғылын білмей, тура көлікте ақшаны алып жатқан кезінде ұсталды. Сотта күдікті параны куәгердің өзі ұсынғанын айтады.

«Сейілханов өзі маған «істі тоқтатсаң, алғысым бар», - деді. Бірінші ретте мен керек еместігін айттым, бірақ кейін баламның емі үшін ақша қажет болғандықтан екінші тергеу кезінде маған 40 мың теңге әкел деп айттым», - деді  сотталушы Дәурен НҰРПЕЙІС.

Сотталушы кінәсін бірден мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді. Тіпті алған ақшасынан елу есе артық айыппұл төлеуге дайын екенін де жеткізген еді. Жазасын жеңілдететін кішкентай баласының бары да жемқорды қамаудан құтқаруға құрал бола алмады.

«Сот үкім кесті. Нұрпейіс Дәуренді қылмыстық құқықбұзушылықта кінәлі деп тауып, оны екі жыл бас бостандығынан айыру жазасы белгіледі. Ол өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан да айырылсын», - деді судья Батырбек ҚҰДАБАЕВ.

Полиция лейтенат шенінен де айырылды. Жазасын енді жалпы режимдегі түзеу колониясында өтейтін экс-тергеуші тура сот залынан темір торға аттанды. «Жалпы былтыр жемқорлыққа жол бергендердің көшін әкімдік қызметкерлері бастаса, екінші орынды ішкі істер органының қызметкерлері алды», - дейді агенттік төрағасы Алик Шпекбаев. Мәселен, тек полицейлерге қатысты 323 қылмыстық істің қозғалғаны анықталған.