«ЭКСПО-2017» көрмесінің аясында «Ғарыш» сыйлығы табысталады. Бұл туралы «ЭкКСПО» қатысушыларының үшінші жиналысында мәлім болды. Жеңімпазды Халықаралық көрмелер бюросы мүшелерінен құралған қазылар алқасы анықтайды. Көрме басталғаннан кейін сарапшылар көпшілік назарына ұсынылған барлық жобаларды зерттеп, арасынан әлеуметтік маңызы зор басатамаларды іріктеп алады. Ең үздік жоба иесіне 20 мың еуро беріледі.
«Мен бұл көрмені ұйымдастырып жатқан барша азаматтарға өз ризашылығымды білдіремін. Олар көрмені ұйымдастыруға барлық жағынан үлкен жауапкершілікпен қараған. Біз қазір көрменің соңғы кезеңіндеміз. Біздің ортақ жұмысымыз үлкен жетістік әкеледі деген үміттемін»,- деді Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы, Висенте ЛОССЕРТАЛЕС.
Халықаралық көрменің басталуына 108 күн қалды. Оған қатысуға 115 мемлекет пен 18 халықаралық ұйым ресми түрде растаған. Жалпы, ЭКСПО көрмелерінің тарихында ЭКСПО-2017 қатысушы мемлекеттер саны бойынша ең үздік деп танылуы мүмкін.