Елбасы АҚШ президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады

Елбасы АҚШ президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Лас-Вегастағы қанды оқиғаға байланысты АҚШ президенті Дональд Трампқа көңіл айту жеделхатын жолдады. Әлем жұртының жағасын ұстатқан бұл қырғыннан 60 адам қаза тауып, 500-ден аса тұрғын жараланған. Қазір қала жұрты озбыр әрекеттен зардап шеккендерге көмектесіп жатыр. Айта кетейік, мұндай оқиға Америка тарихында алғаш рет тіркеліп отыр.


¤Қанға бөккен Лас-Вегас әлі де әрі-сәрі күйде. Тұрғындар ауруханаларда кезекке тұрып, қан өткізіп жатыр. Осылайша олар атыстан зардап шеккендерге көмектесуді ұйғарған.  


«Менің тапсырған қаным бір адамға болса да сәйкес келіп, сауығып кетеді деп ойлаймын. Мұнда келген себебіміз де сол. Қиналып жатқан адамға көмектесуге жиналғандарды көріп қуанып тұрмын. Өз басым, болған оқиғаға әлі сенер емеспін», - деді Лас-Вегас тұрғыны Джон ШМИТТ.

 

¤Қанды қырғын болған алаңға сол күні 22 мың адам жиналыпты. Олар музыкалық кешті көруге келген. Сол сәтте, жақын маңдағы қонақ үйдің 32-ші қабатынан бәзбіреу оқты қарша боратады. Адамдар жапа-тармаған жан-жаққа қашты.   


«Алғашында отшашу деп ойладық. Кенет, сахнадағы жарық шамдары өшіп қалды. Адамдар жан-жаққа бытырай қашты. Арамыздағы біреу жерге жатыңдар деп айқайлады. Барлығы әп-сәтте болды. Кейін полицейлер келіп, бізді қауіпсіз жерге алып кетті», - деді Колифорния Штатының тұрғыны Мишель ЛИСТЕР.

 

¤«Маған қарай бір топ адам жүгіріп келе жатқанда түсінбей қалдым. Арасында біреу, атыс болып жатқанын айтты. Мен гитарамды ала сала солармен бірге қаштым. Шынымды айтсам, өте қорқынышты болды», - деді  Лас-Вегас тұрғыны Джереми БЭРРЕТТ.

 

¤Бейкүнә жандарға қару кезенген қылмыскер көп ұзамай өзін атып тастады. Кейін, оның 64 жастағы Невада штатының тұрғыны Стивен Пэддок екені анықталады. Әзірге, қылмыскердің мұндай қадамға не үшін барғаны белгісіз. Қылмыскердің туыстары оның бай-бақуатты тұрғанын, отбасында ешқандай жанжал болмағанын айтады. Құзырлы орындар да оның ешқандай террорлық топқа қатысы жоқ екенін анықтады.


Новости партнеров