Елбасы қыз-келіншектерді мерекелерімен құттықтады. «Қазақстан» орталық концерт залында өткен «Көктем шуағы» атты мерекелік кеште Президент әйелдердің қазақ қоғамындағы рөліне тоқталды. Мемлекет басшысы нәзік жандылардың бүгінде ұлыстың ұйытқысына, ұлттың ұятына, берекенің бастауына айналғанын атап өтті. «Даналардың өзі аналардан туады» деген Нұрсұлтан Назарбаев бала тәрбиесінде әйелдердің атқаратын қызметін жоғары бағалап, қазақ санының бірте артып жатқаны - мемлекеттің басты мақсаты екенін де тілге тиек етті.
«Ең алдымен баршаңызды көктем мерейін ала келген тамаша мереке - Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл күн асыл ананы, сүйікті жарды, қадірлі қарындасты мейірімге бөлейтін ерекше мереке екенін білеміз. Қазақта «Ұл туса - ұрпағым өседі, қыз туса ұлтым өседі» деген ұлағатты сөз бар. Кең байтақ ұлы даламызда есімдері ел мақтанышына айналған ардақты аруларымыз аз емес. Әйел әсемдік пен әдеміліктің, көрегендік пен көркемдіктің, береке мен бірліктің символы болып табылады», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Мерекелік кеш кезінде Елбасы көп балалы екі анаға «Алтын алқа» медалін табыстады. Бүгінде елімізде осындай марапат алған 250 мың келіншек бар екен. Әйелдердің мемлекеттік қызметте те үлесі жоғары. Мәселен, мәжіліс депутатттарының үштен бірі - нәзік жандылар. Қазақстанда 3 мың ғылым докторы бар десек, соның 60 пайызы әйелдер екен.
«Қазіргі қазақтың қыздары қандай болса, ертең тұтас ұрпақ сондай болады. Сондықтан ар-намыс, адалдық пен адамгершілік, ізгілік пен қайырымдылық, әдептілік секілді асыл қасиеттер қазақ аруларының бойындағы ұлттық иммунитет іспетті. Біз аруларды ардақтап, оларды киелі шаңырақтың алтын діңгегіне айналдырған елміз. Бір заманда бабаларымыз «Әйел ырысың, қыз өрісің, келінің тынысың» деген. Бүгін Сіздер ұлыстың ұйытқысына, ұлттың ұятына, берекенің бастауына айналдыңыздар. Себебі, біз Тәуелсіз елде тұрып жатырмыз. Саясаттың бәрін өзіміз шешіп жатырмыз. Татулық пен тұрақтылықтың бағасын ақ жаулықты аналардан артық ешкім білмейді», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Мемлекет басшысының құттықтауынан кейін, шара мерекелік концертке ұласты. Оған эстрада жұлдыздары мен танымал өнерпаздар қатысты.