Сандық технология - сапаға салар сара жол. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде жаңа индустрияны дамыту үшін тың тәсілдер қолданылу керектігін айтты. Келелі кеңеске үкімет басшысы, ұлттық банк төрағасы, табысты холдингтер мен ірі компания жетекшілері қатысты. Жиында ел экономикасын жедел дамытудың тетіктері талқыланды. Мемлекет басшысы ол үшін жаңа әдістерді тиімді пайдаланып, сол арқылы елдің әлеуетін көтеру мәселесін сөз етті. Одан өзге, Қазақстандағы базалық салалар жуырда техникалық тұрғыда қайта жарақталмақ. Тиісті орындар Президенттің биылғы жолдауында айтылған түйіткілдерді тез арада шешулері керек.
«Бізге жаңа индустрияны ілгерілету қажет. Сандық технологияны қолдану арқылы межелі міндетті атқаруға болады. Осыған дейін мұндай тәсілдерді қолданып көрген жоқпыз. Ал, индустрияның дамуына - өндіріс орындарын модернизациялау, автоматтандыру, жасанды интеллект сынды әдістер септеседі», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.