Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинге көңіл айту жеделхатын жолдады. Онда Түркиядағы Ресей елшісі болған Андрей Карловтың дарынды дипломат екені және кәсіби қызметі баршаның құрметіне бөленгені туралы жазылған. Марқұм қос ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтуда көп жұмыстар атқарған. Қаперде болса, Андрей Карловқа кеше қастандық жасалған еді. Қылмыскердің өзі көп ұзамай көз жұмған. Қазір қос ел бірлесіп, жайттың жай-жапсарын анықтап жатыр. Соңғы ақпарат бойынша, күдікті ретінде тағы 5 адам ұсталған.
Ресейдің Түркиядағы елшісіне шабуыл Түркия астанасында жасалды. Андрей Карлов заманауи өнер орталығында көрменің ашылу салтанатына қатысып, келушілер алдында сөз сөйлеп тұрған. Сол сәтте, қапталындағы қаскөй қолындағы тапаншасымен елшіге бірнеше рет оқ атады. Салдарынан, Карлов ауруханада тілге келмей жан тапсырған. Осы шабуылдан тағы 3 адамның жеңіл жарақат алғаны мәлім болды. Ал, дипломатқа оқ атқан қандықолдың 22 жастағы түрік полицейі Мерт Алтынташ екені анықталды. Бұған дейін ол Анкарадағы Ресей Федерациясының елшілігін күзеткен екен. Шабуыл кезінде оның да көзі жойылды.
«Мен Ресей елшісіне жасалған қастандықты Түркия елі мен халқына да жасалған қастандық деп есептеймін. Ресей Федарациясы тергеу жұмыстарына ат салысуды ұсынды. Біз олардың бұл ұсыныстарын толық құптаймыз»,- деді Түркия президенті,
Режеп Тайып ЕРДОҒАН.
Қайғылы оқиғадан кейін Ресей президенті Владимир Путин қауіпсіздік жөнінде шұғыл жиын өткізіп, оқиғаның мән-жайын анықтау қажеттігін айтты. Кейінірек Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресейдің Түркиядағы елшісінің қазасына байланысты көңіл айтқан болатын. Жеделхатта Елбасы Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Андрей Карловтың туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтатыны туралы жазылған. Қазір екі ел бірлесіп тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ресейден Түркияға мамандар да жіберілген. Анкарадағы Ресей елшілігі қатаң бақылауға алынды.
«Екі жақты келісім бойынша, онда мамандар жеткізілді. 18 адамнан құрылған топ ішінде криминалистер, дәргерлер мен психологтар бар. Себебі, мұндай шараларға қарапайым халықтан бөлек, дипломаттар да қатысқан. Қазір Түркиядағы елшілік қатаң бақылауға алынды. Енді тексеру амалдары жүріп жатыр. Күдікті ретінде 5 адам ұсталды. Оның ішінде шабуыл жасаушының туыстары да бар»,- деді Ресейдің Алматыдағы бас консулы, Алексей ДЕМИН.
Әзірге оқ жаудырған қылмыскердің мұндай әрекетке неліктен барғаны белгісіз. Ал сарапшылар бұл оқиғаны Түркия мен Ресей арасындағы қарым-қатынасқа сызат түсіру үшін жасалды деген пікірді алға тартуда.
Азамат Әуезхан, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы