|
21.12.2016 | 09:39
2528

Алматыда ашылатын мұражайға елбасы келіп танысты

Алматыда ашылатын мұражайға елбасы келіп танысты

Алматы қаласында жақында ашылатын мұражайға елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен барып, жаңа музейдің экспозициясымен танысты. Өңірдің бай тарихи-мәдени мәнін көрсететін ірі ғылыми әрі мәдени орталық 11 экспозициялық залдан тұрады. Музей қорында 40 мыңға жуық экспонат, соның ішінде бейнелеу өнерінің туындылары, қазақ этнографиясының үздік топтамасы, түрлі дәуір мен мәдениетке жататын тұрмыстық заттар, нумизматика жәдігерліктерінің жиынтығы және басқа мұралар бар.


«Енді Алматы қаласының тарих музейі өзінің есігін 2002 жылы ашты. Әуелі өзінің ғимараты болған жоқ өкінішке орай. Орталық циркте, кейін Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық институтына қарасты бір ғимараттың бөлігін жалға алып отырған болатынбыз. Ал, енді тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай, қаланың 1000 жылдығына сәйкес Нұрсұлтан Әбішұлының қолдауымен және қала әкімдігінің қолдауымен жаңа ғимаратқа көшіп, өзіміздің жаңа экспозицияны құрдық»,- деді Экскурсия жетекшісі, Алтын ОРЫНБАЕВА.


Музейді аралау кезінде мемлекет басшысы "Әлемдегі кез келген ірі қалада музейлер өте көп. Бұған біздің де ерекше назар аударғанымыз жөн. Музейлер туристерді көбірек тарту үшін қажет, ал туризм - әрбір мемлекеттің экономикасының маңызды саласы", - деді. Жаңа мұражайда мультимедиалық технологияларды қолдану арқылы Алматының көне дәуірден қазіргі заманға дейінгі тарихы бейнеленген.


«Бұл музейде Алматы қаласының тарихы қола дәуірінен бастап көрсетілген. Мұнда заманауи технологиялар қолдану арқылы экспозициялық залдар көркемделді. Алматы қаласының маңында тарихқа толы жер, жәдігер, қазба ордалары көп. Соның барлығын жинақтап, қала тұрғындары мен қонақтарының қызығушылығын тудыратын жаңа орталықтың жақында ашылатыны жеке мені қуантады»,- деді Ә. Марғұлан атындағы археология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Карл БАЙПАҚОВ. 

 





Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир