Эмир Байғазин Венецияда «Үздік режиссер» жүлдесіне ие болды

Эмир Байғазин Венецияда «Үздік режиссер» жүлдесіне ие болды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Эмир Байғазин түсірген «Өзен» («Река») фильмі 75-ші Венеция кинофестивалінің «Көкжиектер» бағдарламасында «Үздік режиссер» жүлдесін жеңіп алды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Фильмнің әлемдік тұсаукесері 4 қыркүйекте өткен болатын. «Көкжиектер» (Горизонты) атты конкурстық бағдарламасында отандық фильмнен басқа кинематография саласы дамуының жаңа үрдістерін ұсынатын авторлық 18 көркем туынды қатысты. Мерейтойлы Венеция фестивалінің жеңімпаздарының аты-жөні 8 қыркүйекте жарияланды.

Атаулы «Үздік режиссер» жүлдесін – «Арыстанды» – фестивальдің марапаттау салтанатында Польша ко-продюсерінің өкілі Агнешка Пучило алды. Режиссер Эмир Байғазин марапаттау рәсіміне қатыса алмады, өйткені ол «Өзен» фильмін Торонто кинофестивалінде таныстыру үшін Канадаға арнайы барған болатын («Өзен» фильмі негізгі конкурстық «Платформа» бағдарламасы шеңберінде көрсетіледі).

Айта кетсек, Эмир Байғазин бұл фильмнің сценарий авторы, режиссері, қоюшы операторы, продюсері, сонымен қатар картинаның монтаж жұмыстарын да өзі жасаған. Трилогияның соңғы бөлімінің (трилогияның алғашқы екі бөлімі – «Асланның сабақтары» («Уроки гармонии») және «Төрт оқиға» («Раненый ангел») фильмдері) жарыққа шығуына ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ, Польшаның кино институты және Sorfond (Норвегия) атсалысты. Бұл туынды сценарий кезінде MPA APSA Азия-Тынық мұхиттық киноассоциациясы грантының қолдауына ие болды.


Новости партнеров