|
07.02.2018 | 21:00
5265

Ерлан Біләлге қатысты сот үкімі шықты

Ерлан Біләлге қатысты сот үкімі шықты

Белгілі актер Ерлан Біләлге үкім шықты. Келген тілшілердің көптігі сонша, сот залында ине шаншыр жер болмады. Судья оны бас бостандығынан айырмай, жазасын айыппұлмен өтеуге мүмкіндік беріп отыр. Тіпті айыппұл құнын төменгі көрсеткіш бойынша есептеп берген. Ал істе басты куәгер атанған Қайрат Баянов моральды шығын ретінде сұраған 1 миллион теңгені алуға түсірген азаматтық шағымы кері қайтарылды.

Сағат 17:00-ге белгіленген сот процессі уақытынан кеш басталды. Ерлан Біләл үкімді тыңдауға ағасы және жарымен бірге келді. Сот әкем театрдың қабырғасында пара алған актерге барынша түсініктік танытқан. Есте болса, актер ұстала сала кінәсін бірден мойындаған болатын. Сондықтан 1 млн 205 мың теңге төлеп, кепілмен бостандықта жүрді. Соңғы сөзінде шын көңілмен өкінетіндігін айтып, көзіне жас алды. Ал үкімге оралатын болсам қазы бірнеше айыпты жеңілдететін жәйттерді де жіпке тізді. Қазақ театрында ойып орын алатын басты рөлдерін де айтып шықты. Ол прокурор сұрағандай ауызбастырықты 60 есе, яғни 90 млн теңге етіп емес, 35 есе яғни 52 жарым млн теңге етіп қайтаратын болды. Ал 1 ай ішінде айыппұлды қайтармаса, бас бостандығынан айырылуы бек мүмкін. Әзірге оның қанша жыл екені белгісіз.

«Сот Ерлан Біләловты кінәлі деп тауып, жазасын қылмыстық кодекстің 55-ші бабы бойынша айыппұлмен өтейді. Сондай-ақ Біләл өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Құрмет» ордендерінен айырылсын. Сот үкімі күшіне енгеннен бастап, айыппұлды 1 ай ішінде толықтай өтеуі тиіс», - деді Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының судьясы  Қуаныш ӘРІПОВ.

Осылайша, сот театр сахнасында Мұхтар Әуезовтің «Абайында» Керім, «Қаргөзінде» Сырым, «Еңлік-Кебегінде» Кебек, Шекспирдың «Отеллосында» Отелло сынды барлығы 20-дан астам тұлғалардың рөлін сомдаған актердің «Жастар одағы сыйлығының лауреаты» мен «Намыс» орденін ғана қалдырды. Жалпы соңғы сөзінде ол марапаттардың анасы мен әкесі көз жұмғаннан кейін алғанын айтқан. Үкімді мұқият тыңдаған Ерлан Біләлов сот залынан асығыс шыға жөнелді.

Қаперде болса, оқиға былай өрбіді. 5 қаңтар күні дәл әкем театрдың қабырғасында Ерлан Біләл 900 мың теңге көлемінде ауызбастырық алып тұрған жерінен, жемқорлыққа қарсы агенттіктің жедел уәкілдеріне ұсталды. Оның 400 мың теңгесі таңбаланған, жалған ақша болатын. Кейін белгілі болғандай, 2 қаңтарда «Сезам» театрының директоры Қайрат Баянов актерге 600 мың теңге беріп үлгеріпті. Оны сотта театрдың экс директоры қарыздарын жабуға жұмсап жібергенін айтты. Осыдан кейін 9 қаңтарда жағдай анықталғанша, Әуезов театры директорының міндетін осыған дейін орынбасар болып жүрген Жандарбек Садырбаев атқаратын болды. Ал 17 қаңтарда Ерлан Біләлдің ісі сотқа түскен еді. Атышулы іс қысқартылған формада өтіп, бүгін соңғы нүкте қойылды.

Жадыра Омаржан, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир