Монте-Карло цирк өнерінің фестивалі биыл Астанада өтеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Монте-Карло цирк өнерінің фестивалі биыл Астанада өтеді. Таңғажайып көрініске «ЭКСПО» көрмесіне келгендер куә бола алады. Одан бөлек, Монако княздығы өздерінің павильондарында инновация мен энергетика салаларында жеткен жетістіктерін дүйім көпшіліктің назарына ұсынбақ. Соның бірі - студенттер әзірлеген велосипед. Оның ерекшелігі - күн сәулесімен ғана жүреді.                              

«Монако павильонының жалпы аумағы 750 шаршы метрге жуықтайды. Ол төрт бөлікке бөлінеді. Көрмеге келушілер біздің повильонда Монаконың тарихымен, мәдениеті мен дәстүрімен таныса алады», - деді Монако княздығы секция комиссарының орынбасары Александр БОКИЙОН.

Астанада өтетін «ЭКСПО» көрмесіне қатысуға қытайлық тарап та ықылас танытып отыр. Ондағы 300-ге жуық компания өкілдері бизнес форум өткізуді жоспарлауда. Ескеретін жайт - әлемдік көрмеге қазір 115 ел мен 22 халықаралық ұйым қатысуға дайын екендіктерін жеткізген.

«Апта басында Елбасы Қытай еліне ресми сапарымен барған еді. Онда «Бір белдеу, бір жол» атты халықаралық шара ұйымдастырылған. Сол жиында Қытай төрағасы Астанада өтетін ЭКСПО көрмесіне міндетті түрде келетінін жеткізді. Бұл - біз үшін үлкен мәртебе және мол жауапкершілік», - деді  «Астана-Экспо-2017» ҰҚ» ақ басқарма төрағасы Ахметжан ЕСІМОВ.


Новости партнеров