Алматыда жер саудасымен айналысқан алаяқ ұсталды.Тергеу деректері бойынша, 40 жастағы келіншек жер телімдерін төмен бағаға тауып беремін деп уәде еткен. Әуезов ауданының Ішкі істер бөліміне 5 адам арызданған. Зардап шеккендер алаяқтың қолына шамамен 5 миллион теңге ұстатқан. Нәтижесінде, не жер жоқ не ақша қайтарылмаған. Бірақ қолға түскен күдікті өз кінәсін мойындамады. Ол алаяқтың арбауына өзім де түстім деп отыр.
Күдікті тергеу материалдары бойынша, өзінің лауазымды таныстары бар екенін айтып, адамдардың сеніміне тез кірген. Келіншек сан соқтырып қалғандарға тек жер ғана емес, сонымен қатар, құжаттарды жылдам рәсімдейтін адамдарды тауып беруге уәде еткен.
«Әуезов ауданының Ішкі істер бөлімінің мамандары 1977 жылы туған Халықова Назымгүл есімді азаматшаны қолға түсірді. Ол өзінің лауазымды таныстары бар екенін айтып, жер телімдерін төмен бағамен тауып беретінін айтқан. Қазір бұл деректер бойынша тергеу жүріп жатыр. Зардап шеккендердің саны өсуі мүмкін екенін де ескеру керек», - деді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.