Үкіметте төртінші мұнай өңдеу зауытының құрылысы сөз болды

Үкіметте төртінші мұнай өңдеу зауытының құрылысы сөз болды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанның борышы 40,6 миллиард АҚШ долларын құраған. Бүгін экономика министрі Тимур Сүлейменов Үкімет отырысында осылай деді. Оның айтуынша, көрсеткіш мұнша қомақты болғанымен, мемлекеттік қарыз қауіпсіз деңгейде. Бұдан басқа жиында төртінші мұнай өндіру зауытының құрылысы мен жергілікті жолдарды жөндеу мәселесі айтылды.

Елбасы жуырда ғана Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекеттік борыш, яғни ішкі және сыртқы кредиторлар алдындағы қарызды сөз еткен еді. Ұлттық Экономика министрі Тимур Сүлейменов 2018 жылдың 1 қаңтарында мемлекеттік қарыз 13,5 триллион теңгені, яғни 40,6 миллиард АҚШ доллары болды, деді.  Бұл жалпы ішкі өнімнің 26 пайызын құрайды.  

«Мемлекеттік қарыздар деңгейі ерекше бақылауға алынатын болады. Қазіргі уақытта мемлекеттік қарыздың, яғни Үкімет, Ұлттық банк және жергілікті бюджеттердің жиынтық қарыздарының деңгейі жалпы ішкі өнімннің 26 пайызын құрайды. Бұл қауіпсіз деңгей. Ал 2022 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес ол 23,7 пайызға дейін қысқарады», - деді ҚР Ұлттық экономика министрі  Тимур СҮЛЕЙМЕНОВ.

Отырыста төртінші мұнай өңдеу зауытының құрылысы сөз болды. Энергетика министрі халықаралық сарапшылар, мемлекеттік орган өкілдерінен құрылған жұмыс тобы Қазақстанда автобензин, дизельдік отын және әуе керосин өндірісінің тұтыну болжамын жасағандығын айтты. Егер төртінші мұнай өңдеу зауыты қосылмайтын болса, бензин мен дизельдік отын тапшылығы 2023 жылы, әуе керосинінің азаюы 2026 жылға қарай сезілуі мүмкін.

«Келесi кезеңде жаңа мұнай өңдеу зауытының құрылысы мен қаржыландыру нұсқалары, мерзiмдерi, потенциалдық инвесторлармен келiссөздер жүргiзу жөнiнде жаңа жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының тиісті жол картасы әзірленеді. Оны біз 15 ақпанда ведомствоаралық комиссияның отырысында бекітуге ұсынамыз», - деді ҚР Энергетика министрi Қанат БОЗЫМБАЕВ.

Үкіметте кедендік рәсімдерден өтуді жеңілдетіп, жұмысты азайтатын «Астана-1» ақпараттық жүйесі айтылды. Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов тауар тасымалында оң нәтиже беруге ықпал ететін «Астана-1» жүйесі 28 ақпанда тестік режимде, сәуірде толық істей бастайды, деді. Ал су жаңа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі өзіне қарасты ведомство 2018 жылы қандай салаларға басымдық беретінін мәлімдеді.

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмысы 2018 жылы мемлекет басшысының жүктеген міндеттеріне сай бағытталады. Формалды емес және өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандардың жұмысын заңдастыру мәселелеріне қатысты заң жобасы әзірленеді. Заң жобасының аясында өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қызметін тіркеудің міндетті жеңілдетілген түрі енгізіледі», - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина ӘБІЛҚАСЫМОВА.

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев ведомство басшыларына аталған мәселелер Елбасы бақылауында екендігін еске түсірді. Сондықтан тапсырмалар сапалы және нақты мерзімде орындалуы тиіс, деді. Премьер-министр 2018 жылға арналған Үкіметтің өзектендірілген жұмыс жоспарын енгізу керектігін де тапсырды.


Новости партнеров