Алматы облысында жас зергер жұмбақ жағдайда жоғалып кетті

Алматы облысында жас зергер жұмбақ жағдайда жоғалып кетті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында Темірхан Иман-Зұлпар есімді жігіт жоғалып кетті. Ол 6 ақпанда үйінен шығып, содан қайта оралмаған. Қазір оны достары мен туыстары шарқ ұрып іздестіріп жатыр. Олардың қатарына еріктілер тобы да қосылған.

Із-түссіз кеткен Темірхан Айтуғанұлы зергерлікпен айналысқан. Алтын, күмістен әшекей бұйымдар жасайтын жігіт Шамалған ауылында тұрады. Ал шеберханасы Қаскелеңде. 6 ақпанда әдеттегідей ерте тұрып, жұмысына кетеді. Алайда, анасы сол күні баласымен телефон арқылы тілдесе алмаған.  Темірхан күнделікті автобусқа отыратын аялдамадағы бейнекамераға түсіп қалыпты. Бірақ әдеттегідей Қаскелеңге емес, таксиге отырып Алматыға бет алған. Көшедегі бейнебақылау арқылы оның  «12 ай» сауда үйінің қасынан түсіп қалғанын көрдік,-дейді анасы. Ал ұялы телефонын құзырлы орган өкілдері детализацияға салған кезде кешкі 6-лар шамасында Қырғыз елінің шекарасынан өткені анықталған.

«Жұмысқа барады, келеді. Алысқа кететін болса маған хабарласатын. Ескертетін», - деді Темірханның анасы Гүлнәр СЕЙІТОВА.

Темірханның мінезі ашық-жарқын, өмірге құштар болған, дейді анасы. Сүйікті ісі бар, достары көп оның өз еркімен «оқыс» нәрсе жасауы мүмкін емес. Сондықтан туысқандары оны біреулер күштеп ұстап отыр деп күмәнданады. Қазір жақындары тіпті, Қордайдан да іздестіріп жатыр. Темірханның ата-анасына түрлі экстрасенстер де хабарласып, өз болжамдарын айтып жатыр екен.

«Баламыз зергер болғандықтан, бағалы асыл тастармен жұмыс істейді. Енді бізде екі болжам бар: криминалдар ақша бопсалауы мүмкін немесе экстрасенстер айтқандай, біреулер қинап ұстап отыр. Балгерлер сақалды адамдар ұстап отыр, түрлі дәрілер беріп миын улап жатыр деген болатын», - деді Темірханның әкесі Айтуған СЕЙІТОВ.

Бір аптадан бері баласын таппай жатқан отбасы күндіз күлкі түнде ұйқыдан айырылған. Тіпті, ұялы телефонын жоғалтып не ұрлатып алғанның өзінде, жақындарының нөмірін жатқа білетін, дейді. Темірхан Айтуғанұлын көрген-білгендер болса экранда көрсетілген нөмірге немесе полицияға хабар берулерін сұрайды.

«Балам біз сені күтіп отырмыз. Егер біреулер күштеп ұстап отырса, жіберіңіздерші. Аман болсаң хабарлас», - деді Темірханның анасы Гүлнәр СЕЙІТОВА.

Тоғжан Аман, Рашид Шүкіралиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров