Үкімет қабырғасында кеңейтілген отырыс өтті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Үкімет қабырғасында кеңейтілген отырыс өтті. Денсаулық сақтау министрі күні кеше тұтқындалған қызметкерлер жайын сөз етті. Естеріңізге сала кетейік, Фармация комитеті төрағасының қызметін уақытша атқарушы Лариса Пак пен бірнеше лауазымды тұлға пара алғандары үшін қолға түскен болатын. Нақтырақ тоқталар болсақ, олар елімізде дәрі-дәрмек сататын кей фармацевтикалық компаниялардың ешбір кедергісіз жұмыс жасауына жағдай жасаған. Үкімет төрінде бас қосқан жиын барысын әріптесім Назым Мәлікқызы дәл қазір тікелей эфир арқылы тарқататын болады.

Назым! Фармкомпаниялар төңірегіндегі даудың шетін тарқатсаң? Денсаулық сақтау Министрінің пікірі қандай?

Нұрсұлтан! Шынында да отырысқа журналистер асыға келіпті.Денсаулық сақтау төңірегіндегі бұл жағдай күтпеген жаңалық болды. Елжан Біртанов министрлер кабинеті басшысының алдында бір емес, бірнеше есеп берді. Рет-ретімен тоқталар болсақ, ең алдымен денсаулық сақтау министрі  «Патронаттық медбике және баланы кішкене кезінен күту» жайлы ұялы қосымшаның жобасын түсіндіріп өтті. Ол жыл соңына дейін іске қосылмақ. Сонымен қатар, келер жылдан бастап, ұялы құрылғы арқылы еліміздің әр азаматы онлайн жүйеде өзінің денсаулығын қадағалай алатын болады. 2020 жылға әр науқастың денсаулығы жайында мәлімет беретін электрондық паспорты пайда болмақ.

«Жоспар бойынша жыл соңына дейін медициналық мекемелер толыққанды ақпараттық жүйелермен қамтылатын болады. Ол өз тарапынан 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, қағаздан бас тартуға септігін тигізеді»,- деді Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі, Елжан БІРТАНОВ.

Сонымен қатар, халыққа маңызды дәрі-дәрмек бағасының өсімін тоқтату мәселесі де тілге тиек етілді. Біртановтың айтуынша, ұлттық деңгейде  дәрі-дәрмек саясатын жүзеге асыратын жаңа жоба дайын болған. Ол қажетті дәрмектерді қол жетімді етуге көмегін тигізбек. Демек, жақын арада дәрілерге белгілі баға қойылатын болады.

«Министрлік тарапынан бағаны ұстап тұру үшін, арнайы нормативтік-құқықтық акт жобасы дайындалды. Ол бойынша, әр өндіруші «франко-зауыт» ұсынып отырған шарт бойынша баға шегін қоятын болады. Әр кәсіпкер бағаны көрсетуге міндетті және берген ақпар үшін өзі жауапты болады»,- деді Республикасының Денсаулық сақтау министрі, Елжан БІРТАНОВ.


Назым баға деңгейі мен өзге де медицина саласындағы ақпарға қанық болдық. Енді тұтқындалған қызметкерлер жайлы қандай пікір білдірді? Осыған тоқталып өтсең?

Иә. Министрдің өзі Лариса Пактың жайына кеңінен тоқталды. Білгеніміздей, ол аталмыш қызметті уақытша атқарған. Өте кәсіби маман ретінде ортаға танымал екенін де жеткізді. Бірақ, алдағы уақытта оны лауазымды жұмысқа қою көзделмеген. Себебі, зейнеткер жасына келіпті. Бірақ, бұл жағдай денсаулық сақтау министрлігінің  абыройына елеулі  нұқсан келтіргені байқалады. Себебі, министр қол астындағы жұмыскерлерінің бұл әрекеті үшін біраз ұялды.

«Қазіргі кезде тергеу амалдары басталды. Жағдайдың мән жайы қалай белгілі болады, сол кезде бізде нақты ақпар беруге даярмыз. Бүгінгі таңда қандайда бір пікір қосу ерте. Әрине фармация комитетінің лауазымды тұлғасы ретінде олар дәрі-дәрмекпен қамту мәселелеріне тікелей қатысы болды»,- Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі, Елжан БІРТАНОВ.


Ал енді, қорытындалай келгенде, медицина саласындағы ноухауға тоқталайық. Елімізде алдағы уақытта қатерлі ісіктермен күрес барысында жасанды интеллекті қолдану ұсынылып отыр. Бұл жөнінде Елжан Біртанов өзі мәлімдеді. Алдын ала дайындық жұмыстары жасалыпта үлгерген. Жаңа жоба күзден бастап іске қосылмақ. Нұрсұлтан мендегі ақпар осы.

Рахмет. Астанадан тікелей эфирге қосылған әріптесім Назым Мәлікқызы болатын.


Новости партнеров