Ішкі істер министрлігі алдағы бірнеше күнде Астананы да су шаюы мүмкін екендігін ескертті

 Ішкі істер министрлігі алдағы бірнеше күнде Астананы да су шаюы мүмкін екендігін ескертті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бақытжан Сағынтаев Ішкі істер министрі мен Ақмола облысының әкімін тағы да сын астына алды. Үкімет басшысы Қалмұханбет Қасымов пен Мәлік Мұрзалиннің жұмыстарына көңілі толмады. Оған елде орын алып жатқан тасқын себеп. Сағынтаев есеп берушілерден: 2016 жылы салынған Атбасардағы бөгеттің құрылысы мен оған жүргізілген жұмыстарға кім жауапты болғанын сұрады. Қазір ондағы жағдай да өте ауыр.

Жиын бастала сала Бақытжан Сағынтаев ішкі істер министрлігінен бірден есеп беруін талап етті. Премьер-министр қатал әрі нақты сұрақ қойды. Ол - былтыр ғана салынған Атбасардағы бөгетке жауапты адамның кім екенін сұрады. Алайда, Сағынтаев көңіл көншірлік жауап алған жоқ. 

«Қазір 52 елді-мекен мен 7 аймақтың тіршілігі бұзылды. Бұл Қарағанды, Ақмола, Солтүстік-Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Ақтөбе мен Шығыс-Қазақстан облыстары. 1949 үй судың астында қалды. 120 автокөлік жолдары шайылып, 63-і қайта жөнге келтірілді»,- деді ҚР Ішкі істер министрі, Қалмұханбет ҚАСЫМОВ.

Ақмола облысына кеше ғана әкім боп келген Мәлік Мұрзалиннен де есеп алынды. Қазір Атбасардағы жағдай мүшкіл. Онда 405 үй суға батып, 1370 адам қауіпті жерге көшірілген. Тасқын суы екі жарым метрден асады. 4 елді-мекенде суды тартып шығару шаралары жүргізілген. Және бұл Ақмола облысының тек Целиноград ауданында ғана. Алайда, әкім мүлде бөлек сандарды тізіп шықты.

«Атбасардағы жағдай өте қиын. Жабай өзеніндегі су деңгейі кенет көтеріліп, былтыр біткен бөгет қирады. Нәтижесінде, 269 тұрғын үйді су басып, одан өзге тағы 130 үйге су шаю қаупі төніп тұр»,- деді Ақмола облысының әкімі, Мәлік МҰРЗАЛИН.

«Қазір бөгеттің құрылысына немқұрайлылық танытқаны үшін біз қылмыстық іс қозғадық, тексеріс жүргізетін боламыз»,- деді ҚР Ішкі істер министрі, Қалмұханбет ҚАСЫМОВ.

Министр Солтүстік Қазақстан мен Ақтөбе облыстарының ахуалына да жекелей тоқталды. Бұл аймақтардағы жағдай да ушығып тұр. Мұнда тасқын торабында 500-ден аса үй қалған.

Су астында қалған аймақтардан бөлек, Астанаға да тасқын қаупі төніп тұр. Егер, әрине, алдын алу шараларын уақытылы жайғамаса. Ішкі істер министрлігі алдағы бірнеше күнде Астананы да су шаюы мүмкін екендігін ескертті. 

«Астана бойынша: Астананы тасқын судан аман алып қалу үшін қала маңындағы елді-мекендерде суды Астаналық контр реттеуішке жіберу шаралары басталып кетті. 132 млн текше метр су жиналды»,- деді ҚР Ішкі істер министрі, Қалмұханбет ҚАСЫМОВ.

Еске салсақ, Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарында Төтенше жағдай режімі жарияланған болатын. Тіпті жуырда Ақмола облысындағы трассада автобусты су шайып кеткен. Абырой болғанда, жолаушылар көлігіне мінген оқушылар мен мұғалімдері еш зардап шеккен жоқ.



Новости партнеров