Шымбұлақ тау-шаңғы курортына бәсекелестер керек. Бүгін Алматыда басталған ІІІ халықаралық тау спорты фестивалінде аталған курорт басшысының өзі осындай ұсыныс тастады.
3 күнге созылатын шара қазақстандық және шетелдік туристердің, спорт жанкүйерлері мен белсенді демалыстысты сүйетін жандардың басын қоспақ. Фестивальдің алғашқы күнінде Алматы қаласының имиджін отандық және халықаралық спорт туризмі үшін тартымды орталық ретінде қалыптастыру жайы сөз болды. Шетелден келген сарапшылар мен танымал саяхатшылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, мегаполисті туристердің сүйікті жеріне айналдырудың түрлі жолдарын айтты.
Халықаралық тау спорты фестивалінің алғашқы күні пікір алмасумен, тәжірибе бөлісумен басталды. Шетелдік сарапшылар мегаполистің туристер үшін қызықты мекен болатынына сенімді. Жайлы климат, сұлу табиғат, биік таулар мен қонақжай халық – біздің артықшылығымыз. Тек инфрақұрылымды дамытып, әртүрлілендіру керек. Шымбұлаққа келсек, ол өз шыңына жетті. Оны әрмен қарай дамытудың еш мәні жоқ,-дейді мамандар. Қайта бізге әріптес-бәсекелестер керек деп пікір білдірді тау шаңғы курортының басшысы.
«Біз Алматы облысы маңайында Шымбұлақ секілді тау шаңғы курорттарын, тау туризмін, тау спортын дамытуды қос қолдап қолдаймыз. Неге десеңіз, демалыс күндері Шымбұлаққа адам тым көп келеді. Сенбі-жексенбі күндері 10 мыңнан аса адам келгенде, қызмет көрсету түрлеріне де зиян келеді әрі бұл қауіпті. Бұдан бөлек, шетелдік туристерді тарту үшін бір ғана емес, бірнеше орынның болғаны жақсы», – деді «Шымбұлақ» ТШК директоры Ержан ЕРКІНБАЕВ.
Әлемнің 140 елінде болған швед саяхатшысы Йохан Нильсон тау туризмін насихаттауға атақты адамдарды тарту тәжірибесімен бөлісті. Жиһанкез Алматы туризмін дамыту үшін жақсы пиар мен тиімді туристік пакеттердің қажеттігін айтты.
«Қазақстанға алғаш рет келіп тұрсам да әсем табиғаты мені баурап алды. Сіздерде туризмді дамыту үшін тиімді жағдайлар жеткілікті: бір ғана визасыз режимді алайық. Әлемнің көптеген елінен бірнеше сағат ішінде-ақ Алматыға ұшып келуге болады. Ендігісі – жақсы жарнама жасау. Мәселен халықаралық деңгейдегі телеарналық шоулар арқылы PR жасауға болады», – деді танымал саяхатшы (Швеция) Йохан НИЛЬСОН.
Жиын барысында осы саланың жетекші сарапшылары тау туризмінің әлемдік нарығын және оның Алматыдағы алар орнын, сондай-ақ, туризм индустриясының қала экономикасын көтерудегі рөлін талқылады. Өз тәжірибесімен бөліскен Франциядағы тау шаңғы курортының басшысы Қазақстан туралы насихат жүргізуге елшілердің рөлі зор екенін атап өтті.
«Көбісі Қазақстан туралы білмеген соң, келуге қорқады. Әйтпесе, табысты туристік ел болу үшін сіздерде керек нәрсенінің бәрі бар. Қаланың қандай әдемі екенін өз көзіммен көрдім. Мені тәнті еткен дүниенің бірі – киіз үй. Менің ойымша, әр елдегі елшілер белсенді жұмыс істеуі тиіс. Әлемге ашылу керек», – деді тау-шаңғы шипажайының бас директоры (Франция) ЛУКАС МАРШАНД.
Ертең фестиваль аясында табиғи рельефте спорттық жартасқа өрмелеу бойынша халықаралық жарыс өтеді. Одан бөлек, бір емес, бірнеше асуды бағындырған дәстүрлі альпиниада қатысушылары «Молодежный» шыңына көтерілмек.
Фестиваль қонақтары сонымен қатар, маунтин-байк бойынша сайыс және түрлі тау спорты іс-шараларын тамашалайды. Фестиваль кезінде арқанжолда жол ақысы барып қайту үшін небәрі 500 теңгені құрайды.
Тоғжан Аман, Әсет Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы