|
15.08.2018 | 15:58
1859

Италиядағы құлаған көпір 38 адамның өмірін қиды

Италиядағы құлаған көпір 38 адамның өмірін қиды

Италияның Генуя қаласындағы опырылған автомобиль көпірі 38 адамның өмірін қиды. Апаттан аман қалғандардың көбісі ауыр хәлде. Оқиға орнында шұғыл қызметтер жұмыс істеп жатыр. Үйінді астында қаза болғандарды іздестіру жұмыстары әлі де жалғасуда.

Қираған алып өткелдің биіктігі 45 метр, ал опырылып құлаған бөлігінің ұзындығы 100 метрге жуықтайды. Апат кезінде көпір үстімен 40 шақты жеңіл көлік пен 3 жүк көлігі жүріп келе жатқан.  Куәгерлердің айтуынша, апат орын алған сәтте жаңбыр жауып, жел соғып тұрған.  

«Қаза болғандардың саны әлі де артуы мүмкін. Бұл үлкен трагедия. Ешқандай жарылыс немесе апат болмай, көпірдің неліктен қирағанын түсінуге тырысып жатырмыз», – деді ИТАЛИЯНЫҢ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ ДЖУЗЕППЕ КОНТЕ.  

«Мен көпір қираған сәтте жүк көлігінен секіріп шығып, шамамен, 10 метр қашықтықта барып қабырғаға соғылдым. Ары қарай ештеңе есімде жоқ», – дейді зардап шеккендердің бірі.

Қайғылы жағдай орнында 200-ге жуық маман жұмыс істеуде. Мына кадрдан құтқарушылардың қираған көпір мен көліктердің арасынан тірі адамдарды шығарып жатқанын көруге болады. Сондай-ақ, құлаған көпірден бір шақырым жердегі барлық тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілген. Жергілікті билік өкілдері өткелдің неліктен бұлай құлағанын анықтауға уәде берді. Алдын ала болжам бойынша, апатқа жүктемені көтеретін құрылымдардың әлсіреуі себеп болуы мүмкін.

Италия билігі Еуропалық Одақ тарапынан бөлінетін бюджет шектеулеріне қарамастан, елге ескі инфрақұрылымды жақсарту үшін көбірек қаражат бөлуге тура келетінін айтты. Ал Генуя қаласы апаттан қаза тапқандар үшін екі күндік аза тұту күнін жариялады.

«Көпір 1960-шы жылдары тұрғызылып, 1967 жылы ашылған. Ол кездері қай жағынан алып қарасаңыз да ерекше көпір еді. Сәулеті де көз тартатын. Мұндай нысандардың да жарамдылық мерзімі болады, уақыт өткен сайын олардың жарамдылығын тексеріп тұру қажет. Бұл көпірге жөндеу жұмыстарын жасау жоспарланып отырған. Біз болашақта осындай қайғылы оқиғалар қайталанбас үшін оқиғаның қалай болғанын сот органдарымен бірлесе отырып зерттейміз», – деді Италияның премьер-министрі Джузеппе КОНТЕ.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир