|
13.12.2016 | 10:41
1742

Ыстамбұлда болған терактіден отандастарымыз зардап шеккен жоқ

Ыстамбұлда болған терактіден отандастарымыз зардап шеккен жоқ

Түркияның Ыстамбұлында тағы да теракт. Қаланың орталығындағы Бешікташ ауданында екі жарылыс болып, 50-ге жуық адам қаза тапты. Қатысы болу мүмкін деген күдіктілер қолға түсті. «Күрдістанның азаттық қырандары» лаңкестік ұйымы қанды қырғынды өз мойнына алды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоғанға Ыстамбұл қаласында болған террорлық актіге байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады. Жеделхатта Қазақстан Президентінің террорлық акт туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдағаны айтылған.Сондай-ақ, қаза болғандарға көңіл айтып, жарақат алғандарының тез сауығуын тілеген.


Желтоқсанның 10-ны жергілікті уақытпен 22:30-да қала орталығының Бешикташ ауданындағы Vodafone Arena стадионының маңында екі бірдей жойқын жарылыс болды. Соңғы дерекке сүйенсек, лаңкестік шабуылдың құрбаны болғандардың саны 44-ке жетті. Оның 30-ы тәртіп сақшылары. Түрлі дене жарақатын алған адамдардың саны 155-тен асып жығылады. Түркия Премьер-министрінің орынбасары Нуман Куртулмуш лаңкестік оқиғаға кемі 300-400 келі жарылғыш қолданылғанын хабарлады. Арнамызға ұялы телефон арқылы арнайы сұхбат берген Түркия еліндегі отандасымыздың айтуынша, қазіргі кезде Ыстамбұлда қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, қаладағы күштік құрылымдардың саны артқан.


«Сенбі күні орын алған терактіден кейін қазір Ыстамбұлдағы өмір қалпына келуде. Тек, қоғамдық орындар, яғни, метро, автобус, пароход тағы да басқа қоғамдық көліктерде қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Металл тексеру құрылғылары қойылған»,- деді Ыстамбұл қаласының тұрғыны, Нұрат ІЛИЯСОВ.


Екі жарылыста Ыстамбұлдың еуропалық бөлігінде орын алған. Біреуі - футбол ойынында қоғамдық тәртіпті қадағалайтын арнайы жасақ мінген автобус жанында іске қосылса, екіншісін жанкешті ұйымдастырған. Лаңкестік шабуылдан қаза тапқандар мен жарақат алғандардың арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Ыстамбұлда оқып жүрген Қазақстандықтар оқу орындарында жағдай қалыпты, жарылыс жиі болған сайын үрей үдей түскенін жеткізді.


«Осы жазда аэропортта да жарылыс болған. Бірінші курсқа келіп жатқан студенттер бар. Біздің арамызда арнайы топ бар әлеуметтік желіде. Сонда бізге хабар түсіп тұрады елшіліктен. Абай болыңдар, қауіпсіз жерге барыңдар деген сияқты»,- деді Ыстамбұл ЖОО студенті, Өнербек ШАЙХАДИН.


Жойқын жарылыстарды «Күрдістан жұмысшы партиясымен» байланысты «Күрдістанның азаттық қырандары» лаңкестік ұйымы өз мойнына алды. Лаңкестік шабуылға қатысы бар 13 күдікті қолға түскен.  Түркиядағы қайғылы оқиғаға байланысты Режеп Тайып Ердоған 11-12 желтоқсанға жоспарлаған Қазақстанға жасайтын сапарын кейінге қалдырды. Саясаттанушының пікірінше, бұл жайт бірнеше себептен болып отыр.


 «Мұндағы мәселе күрд халқының проблемасы, одан кейін соғыс болып жатқан Сирияның Түркиямен шекаралас болуы. Оған қоса, Ердоған ИГИЛ мен күресемін деп ашық айтуы. Бұл орайда, барлық әлем бұл проблемаға көз жұмбай көмкетесу керек»,- Саясаттанушы, Есенжол АЛИЯРОВ.

 

 Қайғыға ортақтасып көңіл айту жеделхатын Нұрсұлтан Назарбаев жолдап, онда «Заманауи сын-қатерлер өршіп тұрған алмағайып заманда біз Түркиямен бірге халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін күш жұмылдыруға дайынбыз», - делінген.


Әнуарбек Жәлел, Әсет Құндақпаев, «Алматы» телеарнасы



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир