Францияның белгілі актрисасы Жюльет Бинош Астананың мерейтойына арнайы бағдарламамен келді

Францияның белгілі актрисасы Жюльет Бинош Астананың мерейтойына арнайы бағдарламамен келді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астананың 20-жылдық мерейтойына әлемге танымал әртістер келе бастады. Алғашқы болып қазақ жеріне «Оскар» иемденген, Канн, Берлин және Венециялық фестиваль жүлдегері, Франция елінің актрисасы Жюльет Бинош аяқ басты. Кинематографияда өзіндік орны бар Жюльет астаналықтарға арнап шеберлік сабағын өткізді. Ал күні ертең оның жеке шығармашылық кеші қалың жұртқа ұсынылмақ.

«Английский пациент» фильмі үшін 1997 жылы «Оскар», 2010 жылы «Копия верна» туындысында үздік әйел рөлін сомдағандықтан Канн фестивалінде жеңімпаз атанған Жюльет Бинош Елорда төрінде. Бүкіләлемдік екінші «Астана» театрлар фестивалінің аясында Қазақстанға келген актриса шығармашылық кешін өткізеді. Бірақ алдымен әртіс қазақстандықтарды Астананың 20 - жылдығымен құттықтады.

«Мен дәл осы елде театрлар фестивалінің өтіп жатқанына қуаныштымын. Франциядан үлкен мемлекет  Қазақстанда, осындай игі бастама қолға алынғаны үшін мың алғыс. Тез дамып, болашағына үлкен сеніммен қарайтын және мемлекеттің Астанасы 20 жасқа толып жатыр. Құтты болсын! Сіздердің күлкілеріңіз, оң көзқарастарыңыз маған шабыт береді»,-деді актриса Жюльет БИНОШ.

Әлемге әйгілі актриса бала кезінен театр және фильмге жақын болыпты. Оның айтуынша, өнер шекара білмейді және бүкіл адамзатты біріктіреді. Франциялық майталман өзінің айтқанын іспен де дәлелдемек. Жюльет Бинош фестиваль аясында қазақ ақынының өлеңін оқымақ.

«Мен фестивальде Қасым Аманжоловтың өлеңін оқимын. Бұдан бөлек, тағы да көрсетер өнерім баршылық. Тағы бар айта кетер жайт, Канн фестивалінде жақында ғана отандастарыңыз Самал Еслямованың жеңісі мені қатты қуантты. Бұл ұлы жетістік!»,- деді актриса Жюльет БИНОШ.

Актриса ертеңгі шығармашылық кешінен басқа, шеберлік сабағын да дайындап әкелген. Орталық концерт залында өткізген мәдени шараға астаналықтар үлкен қызығушылық танытты.

«Біз, әртістер қауымы үшін бұл өте үлкен мереке болып саналады. Жюльет Биношты енді киноларын көріп жүрміз. Мысалғы, менің ең сүйікті кином- "Шоколад", ойнаған "Английский пациент" өзінің "Оскар "алған фильмі өте тамаша. Осы кісіледің өнерін көрумен біз, әртістер қауымы өсеміз»,-деді актриса Сәнді ҚАРШАЛОВА.

«Мастер-класс өте әдемі өтті. Өте жоғары деңгейде өтті деуге болады. Бұл мастер өте мықты екені жай ғана әңгімесінен білуге болады. Осы естіген, барлығын үйреніп шықтым деуге болады. оларды алдағы уақытта жұмыста, актерлық өнерде пайдаланам, қолданам айтуға болады»,-деді жас актер Әліби МҰРАТ.

Айта кетейік, Астананың 20 жылдық туған күніне қонақтар қатарын Жюльет Бинош бастап берді. Алдағы 1-ші шілдеде басталатын «Еуразия» кинофестиваліне Самал Еслямова, Венсан Кассель, Эмир Кустурица және Леа Сейду сынды атақты актерлар Елордаға ат басын бұрмақ.  

Нұржан Садырбай, Алматы телеарнасы.


Новости партнеров