Алматы облысының Жатақбаевтар отбасы балалар үйінен 4 бірдей баланы асырап алды

Алматы облысының Жатақбаевтар отбасы балалар үйінен 4 бірдей баланы асырап алды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысындағы балалар үйінің әрбір 3-ші тәрбиеленушісі отбасын тауып жатыр. Жатақбаевтар отбасы №1-ші балалар үйінен 4 бірдей баланы асырап алды. Өз қамқорлығына бала алғысы келетіндерге арналып ұйымдастырылған кездесуге келген жанұя бәріне үлгі болды.


Жатақбаевтар отбасы Алматы облыстық №1 балалар үйінен бір емес, 4 бірдей баланы өз қамқорлығына алды. Былтыр осындай батыл шешім қабылдаған жанұя бүгінде бақытты күн кешуде. Бүлдіршіндерді алып кету жөніндегі құжаттар дайын болмай, 1 жыл бойына күткен ата-ана қуанышында шек жоқ. 


 «Төртеуін бірдей алуға тәуекелге бел будық. Әрине, 4 баланы қалай асыраймын деген қорқыныш болды. Әр баланың мінезі әр түрлі. Бір Аллаға сыйынып, тәуекелге бел будық. Аталарымыз айтатын ғой : «Балалы үй береке деп». Расымен де, балалар келгелі үйіміз берекеге толды», - деді  Ерболат ЖАТАҚБАЕВ.


¤Кішкентайлары Берік биыл 1-ші сыныпты үздік бітіріпті. Ата-анының айтуынша, балалардың оқуда да үлгерімі жақсы. Одан үлкені Диляра - 10 жаста. 13 жастағы Ақжүністің жауапкершілігі мол, оған барлық жұмысты сеніп тапсыра аламыз, дейді әке-шешесі. Ал ең үлкені Бейбіт әкесінің көмекшісі. Бір жылда бір-бірімізге бауыр басып кеттік, дейді отбасы.


 «Ата-анасы болғанды қалайды ғой. Келіп, мені алып кетіңіздерші, деді. Көзіме жас келді. Сен жалғызсың ба деп едім, жоқ менің екі апайым, бір ағам бар деді. Шақыр, танысайық деп, таныстық», - деді Ерболат ЖАТАҚБАЕВ.


¤Ерболат Жатақбаев пен Гүлсім Ысқақованың одан бөлек тағы 16 жастағы қызы бар. Бала асырап алуымызға қызымыз түрті болды, дейді олар.


¤Қазір балалар үйінде 124 бала тәрбиеленуде. 2016-2017 оқу жылында 33 бала отбасылы болды. Соның ішінде өз отбасына қайтарылған, қамқоршылық қорғаншылыққа кеткен және асырап алынған балалар бар.


«Кейбір балалар, тіпті, отбасына барғысы келмейді. Кейде 3-4 ағайынды балалар бар. Ағайындыларын тастағысы келмейді. Кейбірінің ата-анасы тірі. Кейбірінің туыстары, әжелері келіп тұрады. Олар қарым-қатынас жасап тұрғаннан кейін қимастық сезім болады», - деді Алматы облыстық №1 балалар үйінің педагогы Маржан МҰСТАФИНА.


¤Облыс бойынша бүгінде 3 мыңнан астам жетім балалар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған бала бар. Олардың 83,5 пайызы қорғаншылық, патронаттық тәрбиеге, отбасы үлгісіндегі балалар үйі мен баланы қабылдаушы отбасыларында тәрбиеленуде. Бұл мақсаттарға биыл жергілікті бюджет есебінен 204 млн теңге бөлінді.


Сая Меңдеке, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы 


Новости партнеров