Елімізде жанармай құны 161 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін. Энергетика министрі Қанат Бозымбаев осылай деп мәдімдеді. Қазақстандағы бензин тапшылығын жою үшін іргелес Ресейден қосымша қор сатып алынған екен. Ондағы баға біздегіден әлдеқайда қымбат. Жанармай құнының күрт өсуі де сондықтан, дейді ведомство басшысы. Қазір еліміздегі көлік отынының қоры небәрі 13 күнге жетеді. Тапшылықты жою үшін Шымкент пен Атыраудағы мұнай өңдеу зауыттары бензин шығару көлемін ұлғайтқан екен. Сондықтан алдағы айда жағдай тұрақтанып қалуы керек. Ал әзірге жүргізушілердің амалдаудан басқа шарасы жоқ.
Шарасыз жүргізушілердің тағаты таусылған қазір. Олар жанармайды қолма-қол ақшаға құятын бекеттерді іздеп, әуре-сарсаңға түскен. Жетер жеріне жаяулатып баратындары да бар арасында. Бензиннің құны да түлкіше бұлаңдап, құбылуын қоймады. Осы айда оның бағасы 161 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін. Мұны Энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтты. Ведомство басшысы бағаның өсуін - іргедегі Ресейден жеткізілетін импорттық бензинмен байланыстырып отыр.
«Импорттық бензинді алып келеді де, оған өзімідің Қазақстанда шығарылатын бензинді қосады. Оның бағасы ең ірі жанармай сату орындарында 161 теңгеден аспайды. Сол соммадан аспауы тиіс», - деді ҚР Энергетика министрі Қанат БОЗЫМБАЕВ.
Ресейден бас-аяғы 100 мың тонна жанармай жеткізілетін болыпты. Оның жартысы біздің елге осы аптаның соңында келеді. Одан бөлек, Шымкент пен Атыраудағы мұнай өңдеу зауыттары да жанармай шығару көлемін ұлғайтқан. Бірі 35 мың тоннаны қосымша өндірсе, келесі зауыт 110 мың тонананы артық шығаратын болған. Қажетті қор жинақталғанда ғана баға тұрақталады екен. Әзірге, бензин арзандайды деу - бос әурешілік. Оның үстіне, бағаның қаншалықты төмендейтінін министр де дөп басып айта алған жоқ.
«Мен қараша айында арзандайтын мүмкіндігі болады деп оллаймын. Тағы 10 рет айтайын ба не?! Мүмкін... мүмкін дедім мен. Мүмкін деген сөзді түсінесіз ғой?», - деді ҚР Энергетика министрі Қанат БОЗЫМБАЕВ.
Бензин арзандаған күннің өзінде, оларды 4 ірі компанияның бекеттерінен ғана алуға болады. Қалған ұсақ мекемелердегі бағаны жергілікті әкімдік өкілдері қадағалаулары керек. Осы тұста, Орталық Азиядағы ең ірі мұнай базаларының бірі - Алматыда орналасқан. Мұнда жанармай сақтайтын 33 қойма бар. Олардың жалпы сыйымдылығы 100 мың текше метр. Қазір қорда 4 мың тоннаға жетеғабыл бензин қалыпты. Ол 8 күнге ғана жетеді екен. Сөйте тұра, мұнай базасына жауапты компания басшылығы алаңдауға негіз жоқ, дейді. Қоймадағы жанармай таусылғанша, қосымша қор да жеткізіліп қалады.
«Жергілікті және ресейлік мұнай өңдеу зауыттарынан қосымша қор күтіп отырмыз. Бұл айда бензин тапшылығы болмайды деп сеніммен айта аламын. Ал қараша айына қажетті жанармай қорын алу үшін зауыт басшыларымен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Сұраныс көбейгенде, бекеттерге жанармайды тасымалдап үлгермей жатамыз. Сондықтан ол орындарға бензин уақытша болмай қалады», - деді «SINOOIL» ЖШС Бас директорының орынбасары Әділет САҚАЕВ.
Жанармайға жауапты министр Елбасынан сөгіс алғанда ғана, жедел қарекет қылуға кіріскен сыңайлы. Өйткені, бензинді талонмен ғана таратып келген бекеттердің қатары күрт сиреген. Тіпті, осы айдың соңында Павлодардағы мұнай-химиялық зауыт қолданысқа беріліп, күніне 2 жарым мың тонна жанармай шығаратын болады. Осылайша, қордаланған бензин мәселесі түпкілікті шешіледі деп күтілуде.
Дастан Сейілханұлы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы