«Бұл түсінбестік деп ойлаймын». Қанат Бозымбаев басы былыққа ілінген тағы бір орынбасары - Бақытжан Жақсалиевке қатысты пікір білдірді. Үйқамаққа алынған Жақсалиевқа құзырлы орган 2015 жылы мердігер «Аймақ и К» компаниясының мүддесі үшін өз қызметін асыра пайдалынды, - деген айып таққан-ды. Энергетика вице-министрінің үй қамаққа алынғаны туралы ақпарат кеше шықты. Мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі есебінше, Жақсалиев осыдан үш жыл бұрын Щучинск-Бурабай демалыс аймағындағы көлді тазартуға кеткен шығынды 30 есе артық бағалаған құжатқа қол қойған. Осылайша, көл табанын тазартқан «Аймақ и К» компаниясына 863 миллион теңге аударған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюроның мәліметінше, қыруар қаржы бөлінгенмен, жұмыс толық аяқталмаған. Соның кесірінен мемлекетке 746 миллион теңге шығын келген.
«Ұлттық бюро құжаттарды алды, тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Өз тарапымнан өкініш білдіремін. Бұл түсінбестік деп ойлаймын. Энергетика министрлігі ұжымы Бақытжан Мұхамбетқалиұлын сауатты, әрі кәсіби энергетик ретінде жақсы білеміз. Осы іске қатысты тергеу министрліктің қазіргі жұмысына әсер етпейді деп үміттенемін»,- деді ҚР Энергетика министрі Қанат БОЗЫМБАЕВ.
Естеріңізге салсақ, бұл Энергетика министрлігіндегі жемқорлыққа қатысты алғашқы оқиға емес. Бұған дейін Ұлттық бюро бұрынғы вице-министр Ғани Сәдібековті де қолға түсірген еді. Оған дәл осы Щучинск-Бурабай демалыс аумағындағы көлді тазартуға бөлінген бюджет қаржысын «Аймақ и К» компаниясының басшысымен бірге бөліп алды - деген күдік тағылған болатын. Ақпаратқа сенсек, 2017 жылы орындалған жұмыстар үшін 3,6 миллиард теңге төлеген Энергетика министрлігінің 1 миллиард теңгеден аса қаржысын Сәдібеков қолды еткен.