|
01.11.2016 | 14:20
2478

Қанат Ислам жеңіске жетті

Қанат Ислам жеңіске жетті

Қанат Ислам жыл соңына дейін тағы бір кездесу өткізеді. Боксшы WBC рейтингінде үздік үштікке кірді. Өткен сенбі Отандасымыз Ганадан келген Патрик Аллотейді жеңіп, бірінші орта салмақтағы WBA Fedelatin және WBO Intercontinental алтын белбеуін иеленді. 12 раундқа дейін созылған кездесуде қазақ боксшысы қарсыласынан ұпай санымен басым түсті. Сонымен қатар6 бокс кешінде тағы алты отандасымыз кездесу өткізіп, барлығы жеңіске жетті. Былғары қолғап шеберлеріне қолдау көрсету үшін Алматы Арена сарайына 12 мың адам жиналған. 


"Қазақ" деген лақап атымен қазақ жұртын әлемге танытып жүрген Қанат Исламның ойыны Қазақ жерінде өткенін қалың ел қуана қабылдаған еді. Үміт ақталды. Алаштың абыройын арқалаған Қанат Ислам жиырма екінші кездесуін Алматыда өткізді. "Алматы Арена" сарайына жиналған 12 мың қолдаушы отандасымыздың жеңіске жететініне күмән келтірмеді. Жанкүйерлер сеніміне өткен сенбі күні көз жеткізді. Ганалық Патрик Аллотеймен қолғап түйістірген Қанат Ислам қарсыласымен 12 раунд бойы ойнап, қарсыласын ұпай санымен ұтты. Алғашқы раундта қос боксшы бірін-бірі зерттеп, осал тұстарын бағамдап көргенмен, кездесудің қалған бөлігі жерлесіміздің басымдылығымен өтті. 

Бірінші нөмірмен жұдырықтасқан боксшымыз Аллотейді бұрыштан-бұрышқа тықсырып, сәт сайын өз шабуылы мен жойқын соққыларын үдете түскен. Әйткенмен ганалық "Улы жебе" кездесудің соңына дейін шыдас беріп, лайықты қарсылық таныта алды. Осылайша, Қанат бұл жолғы жеңісінің арқасында WBA Fedelatin және WBO Intercontinental алтын белбеуін иеленді. 

Екінші, үшінші раундта Қанаттың қос қолы бірдей ауыр соққыдан ісініп кеткен. Нәтижесінде, былғары қолғап шебері кездесуді 12 раундқа дейін созып, ұпай санымен ұтуды жоспарлапты. Нәтижесінде, боксшы WBC рейтингінде үздік үштікке кірді. Яғни, бұдан былай бірінші орта салмақ бойынша Қанат Ислам әлем чемпионы атағын сарапқа салушылардың тізімінде. Отандасымыз осыған дейін 18 жекпе-жегін уақытынан бұрын аяқтаған. Бокс кешінің соңында Қанат Ислам жыл соңында тағы бір кездесу өткізетіні туралы мәлімдеді. 

"Жылдың соңына дейін тағы бір жарыс жоспарлап жатырмыз. Алла бұйыртса қазір соған дайындалу керек. Білесіздер 12 раунд бокс маған өте жақсы болды. Осындай өкпені ашатын қиын жарыс маған керек болып жүр еді. Бұл сынақтан өттім. Алла бұйыртса, мені үлкен жарыстар күтіп тұр. Соған босамай дайындалу керек",- деді Кәсіпқой боксшы, Қанат ИСЛАМ.
 

Айта кетейік, "Алматы Арена" мұз сарайында өткен бокс кешінде жалпы саны 7 кездесу өтті. Шаршы алаңға шыққан Жәнібек Әлімханұлы Головкиннің қарсыласы болған колумбиялық боксшы Милтон Нуньесті бірінші раундта-ақ тізе бүктірді. Ол қарсыласын екі рет нокдаунға жіберді. Жанқош Тұраров болса өзіне қыр көрсеткен ганалық боксшы Айсак Ариені 4-ші раундта сұлатып түсірді. 99 келідегі қазақстандық боксшы Руслан Мырсатаев қарсыласы ганалық Наху Азумиді 44 секундтың ішінде тізе бүктірді. Ал 78 келі салмақ дәрежесінде шаршы алаңға шыққан қазақстандық Әли Ахметов әзірбайжандық боксшы Әли Маммедовты бірінші раундта-ақ нокаутпен жеңді. Айдар Шәрібаев қарсыласы испаниялық боксшы Хуан Окурадан басым түсті. Ал, бокс кешін бірінші бастаған Қазақ спортшысы Жұман Жұмабеков Беларусь боксшысы Владимир Ивановты алғашқы раундта-ақ нокаутқа жіберді. Осылайша бокс кеші қазақ елі үшін толық жеңіспен аяқталды. 

Аршын Кемелжан, Айдын Өнербаев, "Алматы" телеарнасы 

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир