Қаскелең жұқпалы аурулар ауруханасы жабылады - министр Біртанов

Қаскелең жұқпалы аурулар ауруханасы жабылады - министр Біртанов
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баспасөз мәслихаты барысында Қаскелең қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасының жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министр Қаскелең ауруханасының жағдайын нашар деп бағалады. «Қаскелең қаласындағы аурухананың жағдайы нашар. Мен қазір құзырлы органдарға Қаскелең жұқпалы аурулар ауруханасын жауып, Қаскелең орталық ауруханасына қосу туралы арнайы тапсыра беріп жатырмын. Орталық ауруханада арнайы қосымша ғимарат бар. Ғимарат жаңа. Өте ауыр науқастар Алматыға немесе Талдықорғанға тасымалданатын болады», - деді министр Елжан Біртанов.

Бүгін министр бастаған делегация Алматы мен Алматы облысындағы жұқпалы аурулар ауруханасын аралаған болатын. Министр әр мекеменің жұмысын бағалап, материалды-техникалық ахуалын тексерді.

Айта кету керек, Қаскелең жұқпалы аурулар ауруханасының мүшкіл жағдайы туралы пациенттер әлеуметтік желіде жариялаған болатын.

Олар сыры түсіп қалған қабырғалар, тасы сынған едендердің суретін көрсеткен болатын.

Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда республика бойынша 59 адам менингококк жұқпасын жұқтырған.

Республика бойынша менингококк жұқпасынан 13 адам көз жұмған.

Алматыда 5 адам көз жұмды. Олардың 2-еуі - 5 жасқа дейінгі балалар. Екі баланың анасы аурудың алғашқы белгілері басталғанда жекеменшік емханадағы өздерінің жеке дәрігерлерінен кеңес алғаны белгілі болды.

Сырқаттанғандардың бірі - 27 жастағы өрт сөндіруші Олжас Сүлейменовтың ауруы небәрі 12 сағаттың ішінде асқынып, кенеттен көз жұмған. Жалпы, Алматы облысында 4 адам көз жұмды.


Новости партнеров