Қазақ жұрты Шора Сарыбаевты ақтық сапарға шығарып салды

Қазақ жұрты Шора Сарыбаевты ақтық сапарға шығарып салды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін қазақ жұрты аты алты алашқа ғана емес, күллі түркі әлеміне мәлім филолог - Шора Сарыбаевты ақтық сапарға шығарып салды.

Қазақ тілі диалектологиясы ғылымының негізін қалаушы, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, профессор Шора Шамғалиұлы  94 жасқа қараған шағында мәңгілік мекеніне аттанды. Лингивст, ана тілімізді сан қырынан зерттеген  Шора Сарыбаев тек  Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында 60 жылдай табжылмастан  еңбек етіп, ондаған ғылым докторы мен кандидаттарын  тәрбиелеп шығарған. Отыз томнан астам фундаменталдық еңбек қалдырған академикпен шәкірттері, тіл жанашырлары Ғылым Ордасында қимай қоштасты. 

Ол қазақ тілін тек жақсы көріп қана қоймай, ғұмырының соңына дейін ана тілімізге  ғашық болған ғалым. Ес білгеннен қолына алған қаламын көз жұмғанша жанынан тастамады, дейді соңғы сәтте де көзін көргендер. Тірі кезінде  тіл  білімінің ғұламасына айналып,  қазақ тілін құлай сүюіне әкесі Шамғалидың жағып берген шамы себеп дейтін Сарыбаевтың өзі.

«Ылғи көретінім үлгі, өнеге. Ғылымға соншама берілгендігі, күндіз-түні қолынан қаламы түспей, ізденуде және мынау қазақтың тіліне, сөзіне мейілінше құмар, ғашық адам. Бұл ғашықтың өзінің ұстазы Мәулен Балақаевтан басталған болатын», - деді академик, «Қазақ тілі» қоғамының президенті Өмірзақ АЙТБАЕВ.

Ғалымның бойындағы қасиеті -  оның санқырлылығы.Телегей теңіз, тереңдеген сайын түбі көрінбейтін  тілдегі тақырыптарды тарамдап тарқатты. Автордың қазақ тілі грамматикасы, лексикология, лексикография, морфология, диалектология,  тіл білімі тарихы мен есімнаманы қамтитын «Қазақ тіл білімі мәселелері» монографиясы бүгінде  ана тіліміздің хрестоматиясына айналған.

«Осы кісінің жасап кеткен еңбегі, үш жүзден астам ғылыми еңбектері бар екен. Монографиялары. Осылар көңілдеріңізге медет болсын. Жандарыңызға жалау болсын. Шынында да бақытты адам. Өйткені артында осыншама із қалдырған, ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді деген , осы екі ұғымғада сай келетін, мемлекет басқарудың алдыңғы шебінде жүрген, көзі ашық, көкірегі ояу азамат тәрбиелеп өсірген. Сондықтан ағамыздың жаны жаннатта болсын», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман ҚЫРЫҚБАЕВ. 

Ұқыптылық, ыждахаттылықпен жазған, жинаған  дүниелеріне қарап Шора Сарыбаевты диалектологияның  дарабозы, терминологияның  тілекшісі, сара сөздің сардары деп атапты әріптестері мен шәкірттері. Шора ақсақалды  мағыналы  өмір сүрген аяулы жан деп бағалайды барша жан. Ардақты әке, абыз ата атанған Сарыбаевтың тағы бірі қыры- жанына жуып кеткен жанды күлкіге көметіні. Тілдің мүмкіндігін терең түсінген  ғалым  әдемі әзілдері арқылы-ақ терең ой тастайтын,  жұмсақ  сөйлеп тек  жақсылықа бастайтын еді  деп еске алып жатты қаралы митингіге жиналған жұрт.

«Жүрген жердің бәрін күлкі, күлкі терапиясымен. Бұл кісі Шоқан Уәлиханов секілді коллекционерлік мәселесімен де шұғылданып, қазір үйінде жүз бағытта коллекционер жинақтаған. Үлкен демей, кіші демей күлдіріп отыратын. Күлкі өмірдің мүлкі дейтін», - деді ҚР ҰҒА-ның корреспондент мүшесі,  филология ғылымдарының докторы  Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ.

Классик ғалымның еңбектері  араб, қырғыз, түрік, әзербайжан сынды көптеген тілдерге аударылып, күллі түркі тілдерінің дамуына тың серпін берді. Лингвистің өзіде башқұрт, татар, өзбек сынды бірнеше тілдерде еркін сөйлейтін. Шора Шамғалиұлы  авторлықтан бөлек, тәуелсіздік жылдары жарық көрген том-том кітаптарға жетекшілік  жасады. АҚШ, Герман, Түркия сынды алыс жақын шетелдердегі халықаралық конгресс, конференцияларда ана тіліміздің абыройын асырды.

«Абайды қайта-қайта оқығаннан даналық ойлар шығады. Мәселен осы күлкіге байланысты Абай айтады: жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат деп. Сонда ана Абай білген ғой», - деді  ҚР ҰҒА-ның академигі  Шора ШАМҒАЛИҰЛЫ. 

Дәрігер алдына барғанды жаны жек көретін Шора ақсақал шөп дәрілерді жинап, халық емшілігінің де қасиеттерін көп зерттепті.

Қисайғанша қаламын тастамаған қарияның бұл тек отбасылық тарихынан  бөлек,  ғылымдағы  ғұмырының қысқаша бір парасы ғана. 


Новости партнеров