Шетелде еліміздің отандық азық-түлік тауарларына сұраныс артуда

22.11.2017 21:58

Шетелде отандық азық-түлік тауарларына деген сұраныс артып келеді. Осыған орай, ет өнімдері Біріккен Араб әмірліктеріне, Ауғанстанға және Иранға экспортталмақ. Ал бие сүті мен май өнімдері гонконгке тасымалдана бастады. Бұл туралы инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді. Статистикаға көз жүгіртсек, бүгінгі таңда экспортталған азық-түлік өнім көлемі 2 млрд доллардан асқан. Ал, соңғы 9 айдың ішінде жалпы өңделген тауар экспорты 22 пайызға өсіп, 11 млрд долларды құраған. 

«Қытайдағы сервистік қолдау аясында 40-қа жуық қазақстандық өндіруші таныстырылды. Алдағы уақытта жеке бизнес өкілдері өз тауарларын Бейжің, Шанхай, Гуанджоу және Үрімжі қаласында ұсынатын болады. Осыған орай, аталмыш қалаларда сауда орындары ашылады. Ал, Ганконгке май мен бие сүтінің өнімі тасымалданады»,-деді ҚР инвестициялар және даму министрі, Жеңіс ҚАСЫМБЕК.

Ал, Ұлыбританияға алғаш рет арпа экспортталыпты. ТМД, Таяу Шығыс, Қытай Еуропаға күріш, қарақұмық, майлы дақылдар, жеміс-жидек , көкөністер жеткізу көлемі екі есеге артқан. Болашақта отандық кәсіпорындар бірыңғай брэнд аясында шетел нарығын бағындырмақ ниетте екен. Айта кетейік, Қазақстан экспорттаушы елдердің ішінде 52-ші орынды иеленген. 113 елге 800-ден астам өндірістік өнім түрлерін шығарып келеді. Сонымен қатар, министр Қазақстанда жасалынған электровоз бен тепловоз Түрікменстан, Әзірбайжан, Қырғызстан мен Украинаға жөнелтіледі деді. Әрі, ел ішінде жинақталған жеңіл көліктер Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғыз бен Қытайға жіберілмек.

«Елімізде алғаш рет теміржол көлігін құрастыру бағытындағы өнімдер экспортталып отыр. Олардың басым бөлігі Орталық Азия мен Украинаға жөнелтілді. Жеңіл көліктерді құрастыру да жақсы дамып келеді. Биыл Қытайға тасымал басталды. Сонымен қатар, жолаушылар вагоны, рельстер мен әскери -өндіріс орындарының өнімдерін экспортқа шығару көзделіп отыр»,-деді ҚР инвестициялар және даму министрі, Жеңіс ҚАСЫМБЕК.