Астанада бір адамның жүрегін дәрігерлер екі рет ауыстырды. Хирургтер 60 жастағы азаматты бұрыннан мазалаған биологиялық ағзасын уақытша жасанды түріне өзгертіп, донор табылғанда, қайта адам жүрегін салған.
Ерекше отаны Ұлттық ғылыми Кардиохирургия орталық мамандары өткізген. Қазіргі кезде елімізде тағы екі адам осындай операция күтіп жүр.
Хирургтерге алғысын айтып жатқан азамат – Құнанбай Абыраев. Ол қазірше әлемде жүрегі екі рет ауыстырылған алғашқы адам дейді дәрігерлер. Өз жүрегінде ақау болған соң, шұғыл түрде оған маңызды ағзаның жасанды түрі салынған. Ол тоғыз ай осы автоматты түрде қанды айналдыратын жасанды жүрекпен жүріпті. Тек кенеттен қайтыс болған өзге адамның жүрегі Құнанбайға донор болып бұйырды.
Кеудесін екі рет кестіріп, өзге жанның жүрегімен жүрген Құнанбайдың жолымен енді 54 жастағы ақтөбелік Аманғали Токов да өтпек. Жасанды жүрек иесі жұдырықтай маңызды ағзаның өзіне де жылдам табыларына үмітті.
«Бұл қан қысымы көтерілгенде шығады. Басқа уақытта ешқандай белгі бермейді. Артық жүк түскенде біліне бастайды. Операция жасағаныма екі ай болды. Бойымда еш қорқыныш жоқ, өйткені, дәрігерлерге жүз пайыз сенемін», – деп ағынан жарылды Аманғали ТОКОВ.
Адамға тірлік атаулыдан үмітін үздірмей, өмір сыйлайтын жасанды жүрек – «Carmat SA» атты француз компаниясының өнімі. Салмағы мың грамдық биопротезді адам донор шыққанша арнайы қуаттайтын сөмкеде өзімен тасып жүреді. Құрылғы құны қымбат, 1 млн еуро тұрады. Бірақ көптің қолы жете бермейтін жасанды жүрекке мемлекет қазынадан көк тиын да жұмсамаған. Себебі, сұранысқа жоғары жүректі қолданып болған соң, дәрігерлер франциялықтарға кері қайтарып береді екен.
«Әлем бойынша алғаш рет жасанды жүректі донорлық жүрекпен алмастыру операциясы 12 сағатқа дейін созылды. Отаны көруге шетелден 30-ға жуық дәрігер келді. Біз адамның өмірін ұзарту үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға дайынбыз. Сол үшін кез келген мүмкіндікті пайдаланамыз», – дейді «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Юрий ПЯ.
Елімізде әзірге осындай ота жоғарыда есімі аталған екі азаматты қоса санағанда, 3 жанға бұйырған. Барлығының жағдайы жақсы дейді мамандар. Жасанды жүрек иелері отадан кейін 2-3 аптаға дейін оңалту кезеңінен өтулері тиіс.
Соңғы мәліметтер бойынша елімізде 114 ересек пен 6 жасөспірім жүрек донорына зәру.
Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы