Универсиадада конькимен жүгіру спортынан жарысқа қатысатын Қазақстан құрамасы Алматыға келді. Олар Медеу мұз айдынында жаттығуларына кірісті. Спорттың бұл түрінен еліміздің атынан ерлер арасындағы жарысқа 10 адам, әйелдер арасындағы сайысқа 10 адам қатысады екен. Конькимен жүгіруден жеңісті кімнен күтеміз? Басты фавориттермен тілшіміз Айдана Мейрамбайқызы тілдесіп қайтты.
Алматылық Федор Мезенцев конькиден қашықтыққа жүгіру спортында Қазақстан құрамасы атынан қатысып отырған, алтынға басты үміткердің бірі. Ол Универсиада кезінде ерлер арасында 1000 мен 1500 метр қашықтықта бағын сынайды. Ел намысын қорғайтын маңызды сайыстың жауапкершілігін сезінетін спортшы, күн сайын дайындыққа 2-3 сағат уақытын арнайды. Конькимен жүгіру спортына 10 жасында келген Федор, бүгінде бірқатар бәйгеде топ жарған. Оның қоржынында жасөспірімдер арасындағы сайыстардың күміс және қола медальдары, Азия чемпионаты мен студенттер чемпионатының қола жүлдесі бар. Сочиде өткен олимпиадада бағын сынаған спортшы, Универсиада ойындарына алғаш қатысып отыр екен.
«Бұл мен үшін өте жауапты сайыс. Өйткені, өз елімізде өтіп жатыр, жанкүйерлеріміз қолдауға келеді. Конькимен жұгіруде жылдамдық пен техника да қажет. Тек жылдамдыққа сеніп жүгіріп, бір ғана қате қимыл жасасаң құлап, жарыс жолынан шығып қалуың мүмкін. Сондықтан, осы екеуін қатар шыңдауды жалғастырып жатырмыз»,- деді Конькимен жүгіру бойынша қазақстан құрамасының мүшесі, Федор МЕЗЕНЦЕВ.
Мұзда шапшаң қимылдап, жүгіруді талап ететін спорт түріне Қазақстан атынан 10 ер адам және 10 әйел адам қатысады. Ал, спортшылар 500 метр қашықтықтан бастап, 10000 метр қашықтықта өтетін дисциплинада жарысады. Бапкерлер әйелдер арасында өтетін конькимен жүгіруде басты сенімдерін қарағандылық спортшы қыз Екатерина Айдова артып отыр. Ол 2011 және 2014 жылы өткен Олимпиада ойындарына қатысқан. Жасөспірімдер арасындағы халықаралық сайыста 2010 жылы алтын медаль иеленсе, 2011 жылы күміс медаль алған. Сондай-ақ, спортшы қыз 500, 1 000 және 1 500 метр қашықтықта жүгіруден рекорд орнатқан.
«Универсиада менің өмірімдегі ең маңызды жарыстардың бірі. Мұндай додаға алғаш қатысып отырмын. Әрине, ерекше әсер мен өзімнен жақсы нәтиже күтемін. Жалпы, халықаралық деңгейдегі спорт сайысының елімізде өтіп жатқанына, халықаралық ұйымдардың бізге жарысты өткізуге сенім артқанына ризамын»,- деді Конькимен жүгіру бойынша қазақстан құрамасының мүшесі, Екатерина АЙДОВА.
Конькимен жүгіру спортынан Универсиада ойындарының жүлдесі Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған екен. Тек 2010 жылы Қытайда өткен студенттер сайысында біздің спортшымыз 4 орынға табан тіреген. Десе де, бапкерлер аталған спорт түрінен Қазақстан құрамасы 1 алтын, 1 күміс және 1 қола жүлдесін қанжығалауы мүмкін деген болжам жасап отыр. Басты фавориттер қатарында Роман Кречь, Екатерина Айдова, Федор Мезенцев және Станислав Палкин сынды спортшылар бар.
«Бұл жарыс өте тартысты болады. Өйткені, конькимен жүргіруден алдына жан салмайтын Голландықтар келеді. Сондай-ақ, поляктардың, кәрістердің және жапондықтардың да командалары өте мықты. Бұлар біздің барсы қарсыластарымыз. Жеңіске жетуіміз үшін барымызды салып жатырмыз»,- деді ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Вячеслав СУХОРУКОВ.
Айта кетсек, конькимен жүгіру спорты жарысында 12 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Дода 31 қаңтар мен 6 ақпан аралығында Медеу мұз айдынында өтеді. Ал, 5 ақпанда спорттың осы түрінен командалық сайыс болады, оған Қазақстан атынан 3 ер адам мен 3 әйел адам қатысады.
Айдана Мейрамбайқызы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы