Еліміздің шаңғы спортындағы әйелдер құрамасына тұңғыш рет демеуші қолдау көрсетпек

Еліміздің шаңғы спортындағы әйелдер құрамасына тұңғыш рет демеуші қолдау көрсетпек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алдағы жылы Алматыда өтетін Универсиада кезінде шаңғы спортынан ел намысын қорғайтын спортшылардың тізімі белгілі болды. Шаңғы және биатлон сайысы бойынша 16 спортшы жолдама алды. Сонымен қатар, еліміздің шаңғы спортындағы әйелдер құрамасына тұңғыш рет демеуші қолдау көрсетпек.

Алатау қысқы спорт мектебінде қазір қызу дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Мұнда да 32 күннен кейін байрақты бәсекенің жалауы желбірейді. Кешенде шаңғы және биатлон спорты бойынша үздіктер сайысқа түседі. Аталған спорт түрінен ел намысын жалпы 16 спортшы қорғайды.

«Биатлон - ең қымбат спорт түріне жатады. Мысалы, спортшыларға қажетті форма шамамен 2 мың еуро тұрады. Тіптен, бір тал оқтың өзі біздің елде 120, өзге мемлекеттерде 20 теңге тұрады. Сонымен қатар, бір спорттық мылтықтың өзі 2 мың еуро. Әрі қарай дайындық жұмыстары мен жарыстарға да қаржы керек», - деді шаңғы сайысы бойынша Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Михаил ДУДЧЕНКО.

Алматы ауа райының құбылмалығы да назарға алынған. Күн райы күрт суытып немесе жылып кетуі мүмкін. Осыған орай жасанды қар түзетін техникалар да сайланған. Қажет болса, Алатау кешеніндегі жарыс өтетін аумаққа қажетті 50 мың текше метр қар тау бөктерінен тасымалданбақ.

«Біз ауа райының тосын жағдайын да ескердік. Универсиада кезінде жарыстар өтетін Алатау, Сұңқар, Табаған және Шымбұлақ кешендерінде қажетті техникалар бар. Яғни, қажет болса жасанды қар түзейді немесе жүк көліктерімен тау бөктерінен тасымалданады», - деді  ХХVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиада дирекциясы басшысының орынбасары Нұржан ӘБІЛХАЙЫР.

Шаңғы және биатлон спорты бойынша бұрымдылар арасында ел намысын қорғайтын спортшылар тұңғыш рет жеке демеушіге ие болды. Қымбат саналатын спорт түріне қаржылай қолдау көрсетуге Алматы қаласындағы құрылыс компаниялары ұсыныс білдірген. Нәтижесінде, екіжақты келісімшартқа қол қойылды.

Аршын Кемелжан, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров