Қарағанды облысында «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны аяқталды.
Дәстүрлі шара осымен төртінші рет өтті. Биылғы «Айбын» – Астананың 20 жылдығына арналды. Тағы бір ерекшелігі – үздіктерге осы жолы «Жас сарбаз» мүсіні табысталды.
Биылғы «Айбын» жастар жиыны Алматының «Жас Ұлан» мектебінен келгендер үшін жемісті болды. Бауыржан Момышұлы атындағы оқу ордасында оқитындар командалық есепте үздіктер қатарынан көрінді. Жас сарбаздар 32 ұжымның ішінен 1-ші орынға екінші жыл қатарынан қол жеткізіп отыр.
«Айбын» жарысына біз көп уақыт бойы дайындалық. Сол дайындығымыздың арқасында осындай жеңістерге жетіп отырмыз. Барлық іс-шараларды ұйымдастырушыларға көп рақмет айтамыз. Қызықты шаралары да, концерттік бағдарламары да бізге жақсы әсер қалдырды», – деді республикалық «Жас ұлан» әскери мектебінің тәрбиеленушісі Әли ӘДІЛБЕКОВ.
Елімізде жалпы, 2300 әскери патриоттық клуб бар. Қарағанды облысының «Спасск» оқу орталығындағы төртінші әскери жиын-жарыста өзара мықтыны анықтау үшін түрлі ресми оқу мектептері мен клубтарынан 600-ден артық тәрбиеленуші келді. Олар арқан тарту, әскери дайындық бойынша сынға түсті.
«Рухы мықты. Нағыз патриоттар ғой. Мен осы 5 күн бойы қастарында жүрдім. Кешке шағын шаралар өтеді. Сонда бәрі кәдімгідей бір-бірімен жолдас болып, үйренісіп, танысып жатыр ғой. Жарыстар өтіп жатқанда бәрінің рухты, намысты жастар екенін байқаймыз. Сол қуантады», – деді ҚР Қарулы күштері Бас штаб бастығының орынбасары Мұхамеджан ТАЛАСОВ.
Бір аптаға жуық созылған уақытта ұландар қарым-қабілеттерін сынап қана қоймай, шыңдалды да. Сондай-ақ, жиын тарихында алғаш рет оза шапқандарға «Жас сарбаз» арнайы мүсіні табысталды.
Айта кетсек, сайыста ең үздік нәтиже көрсеткені үшін «Қызылорда айбындары» ұжымының мүшесі Бекзат Қалмырзаев пен командалар арасында бас жүлдені иемденген Павлодар қаласының «Қайсар» ұжымына мүсіндер табысталды.
Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана