Елімізде мемлекеттік қызметтегілерге жалақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілмек

Елімізде мемлекеттік қызметтегілерге жалақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілмек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда мемлекеттік қызметтегілерге жалақы төлеудің жаңа жүйесі енгізіледі. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі кезде орталық мемлекеттік мекемедегі бас сарапшыға қарағанда әкімдіктегі бас маманның еңбекақысы 70 пайызға аз. Еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі бұл айырмашылықты 10 пайызға қысқартуға мүмкіндік бермек.

«Мемлекеттік қызметкерлердің 90%-ы жергілікті жерлерде жұмыс істейді. Орталықтағы мамандар секілді олар да күн сайын xалықтың өмір сүру сапасына әсер ететін шешімдер қабылдайды. Олар алатын еңбекақы министрлік қызметкерлерінен айырмасы бар. Мысалы облыс әкімдігінің бас маманы орталықтағы бас сарапшыға қарағанда 70%-ға аз еңбекақы алады. Жаңа меxанизмді енгізудің арқасында мұндай айырмашылықты 10%-ға азайтамыз»,-деді ҚР мемлекеттік қызмет істері және және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігі төрағасының орынбасары, Айгүл ШАЙЫМОВА.

Айгүл Шайымова енді қызметкердің жалақысы бұрынғыдай лауазымы мен оның жұмыс өтілін ғана ескеретін дәстүрлі жүйеден, шенеунік атқарған жұмыстың сипаты мен күрделілігіне байланысты болады деді. Аталмыш механизм пилоттық жоба. Сондықтан, әзірге тек Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Әділет министрлігі мен Астана және Маңғыстау облыстарының әкімдіктеріндегі жұмысшылардың жалақысы өзгермек. 

«Қаңтар айынан бастап бұл органдардың қызметкерлері еңбекақыны жаңа жүйе бойынша алады. Облыстық деңгейде ең төменгі еңбекақының көлемі 62 000-нан 117 мыңға дейін. Бұл облыс әкімдіктеріндегі жетекші мамандардың деңгейіне байланысты. Ал, орталықтағы қызметкерлер 84 мыңнан 134 мыңға дейін еңбекақы алады. Пилоттық режим аяқталған соң басқа да өңірлерге енгізу жоспарланып отыр»,-деді ҚР мемлекеттік қызмет істері және және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігі төрағасының орынбасары, Айгүл ШАЙЫМОВА.


Новости партнеров