Қазақстан Ресей жанармайынан бас тартпақ

Қазақстан Ресей жанармайынан бас тартпақ
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан уақытша Ресей жанармайынан бас тартады. Оған көрші елдегі бағаның ауытқуы себеп көрінеді. Бұл туралы Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлімдеді. Ал Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов «KADEX-2018» көрмесіндегі қайғылы жағдайға қатысты пікір білдірді. 

Қазақстан Ресей жанармайынан бас тартпақ. Энергетика министрлігінің бұл қадамы көрші ел мұнай өнімінің қымбаттығына орай туындаған. Қанат Бозымбаев бүгіннің өзінде шектеу қоятын арнайы құжатты дайындапты. Ұсыныс маусымның 6-сына дейін қоғам талқысына түспек. Санкция 3 ай мерзімді қамтиды деген жоспар бар. Бұл Мәжіліс отырысынан тыс мәлім болды. Энергетика министрі осы орайда ішкі нарықтағы бағаға да тоқталды.

«Жанар-жағармай нарығында бензин бағасына екі фактор әсер етеді. Бірінші ол - Ресей өнімдері бағасының көтерілуі. Екіншіден, ішкі нарықтағы қор. Біз қазірге дейін 1 жарым есеге жанармай көлемін ұлғайттық. Оны, тіпті, сырт елдерге де сатуға мүмкіндік бар. Сондықтан бүгінгі таңда тепе-теңдік сақталуда», - деді ҚР Энергетика министрі Қанат БОЗЫМБАЕВ.

Қанат Бозымбаев отандық мұнай өңдеу зауыттары жоғары октанды 92-95 маркілі жанармай көлемін арттырғанын жеткізді. Көрсеткішке көз жүгіртсек, соңғы төрт-бес айдың көлемінде өндірілген өнім  ішкі нарықты 90 пайызға қамтитын деңгейге жеткен.

«Қазіргі кезде Ресейде көтеріліп отырған бензин бағасы қатты емес. Біздің нарыққа айтарлықтай әсер етпейді. Керісінше, бізде ішкі сұранысты өтейтін көлем жеткілікті. «Қазмұнайгаз» тіпті бағаны түсірген де болатын. Сондықтан тұрақтылық сақталады деген ойдамын», - деді ҚР Энергетика министрі Қанат БОЗЫМБАЕВ.

Отырыстан кейін журналистер Бейбіт Атамқұловқа сұрақ қойды. Мәселенің негізі Ресей баспасөз беттерінде шыққан ақпар түрткі болған. Онда «Байқоңырдан»  Ресей әскерилерін шығару көзделіп отырғандығы жазылған. Әрі офицерлердің орнын қарапайым инженер басуы ықтимал екені айтылыпты. Аталмыш ұсыныс Қазақстан тарапына да ыңғайлы, дейді министр.

«Иә, Ресей Федерациясының әскерін толықтай «Байқоңыр» аумағынан шығару мәселесі екі жақты талқыға түсіп жатыр. Дегенмен толыққанды шешілген жоқ. Бұл қадамның өзіндік жақсы жақтары бар.Ашық коммерциялық жобаларды тартуға болады.Зымыран ұшыру сұранысы артып келеді», - деді ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт АТАМҚҰЛОВ.

Әңгіме барысында журналистер «KADEX-2018» әскери техника, қару -жарақ көрмесінде болған оқыс оқиғаның мән-жайын сұрады.Ұйымдастырушылар тарапынан көз жұмған азаматтың отбасына нендей көмек жасалғанын білгілері келді. Бірақ Бейбіт Атамқұлов мұндай оқиғаның  орын алуына азаматтың өзі кінәлі - дейді.

«Ол қалай сол күні көрмеге кіріп отыр? Оның қаншалықты мамандарға қатысы бар? Өйткені сол күні тек тиісті адамдар ғана жұмыс істеген болатын. Олардың барлығы арнайы кешендерде болды. Қарапайым адамдарға рұқсат болған жоқ. Ол адамның кіргені, тіпті, белгіленбеген. Қандай рұқсат қағазы болды? Қазір құзырлы органдар анықтап жатыр», - деді ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт АТАМҚҰЛОВ.

Айта кетейік, мамырдың 24 күні «KADEX-2018» көрмесі аймағында стэнд құлап, нәтижесінде  бір адам көз жұмған болатын. Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ақпарынша, зардап шеккен адамға жедел-жәрдем уақытылы қол үшін созыпты. Науқас дер кезінде ауруханаға жеткізілген. Дегенмен, ақ халаттылар денсаулығы күрт нашарлаған азаматты өлім аузынан құтқара алмады.


Назым Мәлікқызы, Дәурен Зарипов, «Алматы» телеарнасы Астанадан


Новости партнеров