Қазақстанда 3 мың 601 мешіттің 84-і қаңырап бос тұр. Бұл туралы Астанада өткен Дін істері және азаматтық қоғам министрілігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Нұрлан Ермекбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі қоғамда мешіт салу сәнге айналған. Бірақ онда имам болмаса, құлшылық ететін орындағы шешілмеген мәселе қарапайым халыққа ауыртпалық етеді, деді.
«Кейде мешіт салу сәнқойлық болып саналады. Ал мешіттің имамы болмауы немесе оны ұстап тұрудың жергілікті халыққа ауыр тиетіні назарға алынбайды. Салдарынан кей жерлерде мешіт ғимараттары тіпті сатылымға қойылып жатыр», - деді ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан ЕРМЕКБАЕВ.
Сонымен қатар, министр адамға жақсылық жасау немесе игі амалдар тек мешіт немесе шіркеу салумен ғана шектелмейтінін баса айтты. Ал алдағы уақытта жаңадан салынған басқа да құлшылық үйлері қаңырап қалмасы үшін біріңғай ереже енгізілуі мүмкін.