Қазақстанда телефон нөмірі арқылы ақша аудару жүйесі енгізіледі

Қазақстанда телефон нөмірі арқылы ақша аудару жүйесі енгізіледі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде банктік емес төлемдер бойынша «Қазпошта» АҚ карточкаларының процессинг базасында идентификатордың рөлін атқаратын азаматтың телефон нөмірі арқылы SMS-код түсетін «электрондық әмиян» құрылады. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Тұтынушы «Post.kz» сайтында тіркеліп, электрондық әмиянды ашады, оны «Қазпошта» АҚ картасымен немесе басқа банктің картасымен толықтыра алады. Электрондық әмиян 2018 жылдың мамыр айында іске қосылып, ұялы байланыс, мемлекеттік қызметтер, айыппұлдар, салықтар, коммуналдық қызметтердің және тағы басқа қызметтерді төлеу үшін қолданылады. «Қазпошта» АҚ алдағы уақытта «электрондық әмиянды» электрондық саудада тауарларды өткізу үшін қолдануды жоспарлайды. 2018 жылы тамызда пилоттық іске қосылады», - деді Сүлейменов.

Ол қолма-қолсыз ақша төлемдерінің үлесін арттыру үшін банктік және банктік емес төлем жүйелерін дамыту көзделгенін атап өтті.

«Ұлттық Банкпен ұялы телефонды пайдалану арқылы жылдам төлем жүйесінің жобасы әзірленді. Жүйе келесі қағидаттармен негізделеді: ұялы телефон нөмірі бойынша төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру; төлемдерді жылдам рәсімдеу және алушыға ақша аудару; тәулік бойы жұмыс істеуі; банкаралық комиссиялардың болмауы. Жүйені пилоттық тәртіпте тестілеу 2018 жылғы тамыз айында жоспарланып отыр», - деді ҚР ҰЭМ басшысы.

Сондай-ақ 2018 жылы логистиканың инфрақұрылымын дамыту үшін Астана мен Алматы қалаларында 2 Fullfilment орталығы арқылы 170 мыңнан кем емес жөнелтімдер жіберу жоспарлануда. Қазпошта» АҚ логистикалық инфрақұрылымды жетілдіру үшін Шымкент, Қарағанды, Ақтөбе қалаларында Е-коммерц орталықтары мен Фулфилмент-орталықтарын құруды жоспарлап отыр.



Новости партнеров