Полиция немесе прокурорлар таратқан баспасөз баянындағы мәліметтер сот үкімі шықпай жатып күдікті адамды біржақты айыптаумен шектеледі. Ондай ақпараттарды алдын ала тарату адам құқығына да, істің ақ-қарасын анықтауға да қарсы келеді. «Конституциялық новеллаларды іске асыру - қылмыстық сот ісін жүргізудің тиімді үлгісін қамтамасыз ету кепілі» атты конференцияға келген адвокаттар осылай деп мәлімдеді. Жиынға Конституциялық Кеңес Төрағасы, Жоғарғы Соттың судьялары, Бас прокурор, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның басшыларынан басқа заң саласының өкілдері қатысты. Жоғарғы Сот өкілдерінің айтуынша, судья шешім шығармас бұрын істе қандай дәлел-дәйектемелерді негізге алғанын келтіру керек. Бұған дейін Жоғары Соттың төрағасы Жақып Асанов сот тілі алдымен адамдарға түсінікті болу керек деп сынаған еді.
«Бұрын тыңдау, тергеу барысындағы, іздеу шараларын прокурор бекітетін болса, енді бүгінен бастап оны судья бекітетін болады. Прокуратураның функциялары өзгергеннен кейін құқық қорғау органдарының да функциялары өзгереді. Соған байланысты былтырғы жылдың желтоқсан айында көптеген заңдар қабылданды. Оның ішінде прокуратура туралы жаңа заң және қылмыстық істі енгізуге қатысты өзгерген заңдар», - деді ҚР Конституциялық Кеңесі Төрағасы Қайрат МӘМИ.
Ал Бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың айтуынша, құқық үстемдігі индексінде Қазақстанның рейтингі жақсарған. Былтыр 113 елдің ішінде 64 орынға жайғасып, 9 сатыға көтерілген. Келешекте кепілдің, айыппұлдың көлемі азайып, ауырлығы орташа, төмен қылмыскерлерге жаза қоғамдық жұмыс түрінде енгізіледі. Қылмыстық сот ісіне цифрлық технология енгізіліп жатыр. Қазіргі таңда ұсталғандардың 87 пайызы 48 сағат ішінде, тек 12 проценті 72 сағат ішінде сот санкциясына жеткізілген. Электронды форматта 460 іс тергелуде. Сондай-ақ бүгін Бас прокурор Қайрат Қожамжаров жеке мәселесі бойынша Наталья Музыканы қабылдады. Осыдан екі жыл бұрын Натальяның ұлы жол-көлік апатынан қаза тапқан. Тұрғынның арызын тыңдаған Бас прокурор құзырлыларға тапсырма беріп, тергеу барысын жеке өз қадағалауына алатынын айтты.