Тұздыбастаудағы жағдай тұрақтала бастады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тұздыбастаудағы жағдай тұрақтала бастады. Облыстық төтеншеліктер су басқан аулалардың барлығын құрғатып, арықтарды тазартып үлгерген. Апаттан ауылдағы 2 үйдің бүлінгені анықталды. Арнайы құрылған комиссия қазір шығындарды есептеп жатыр. Осыдан кейін, топан судан зардап шеккендерге материалдық көмек көрсетілмек. Балтырдан су кешіп, дала кезіп қалған жұртпен кеше кезіккен өңір басшысы Амандық Баталов ауылға бүгін де келіп, жағдайды бақылап қайтты. Облыс әкімі көмекке мұқтаж адамдарға аз уақытта тиісті көмек көрсетіледі, деді. Сондай-ақ әлгіндей оқиға қайта қайталанбас үшін аудан басшылығына бірнеше тапсырма берді.  

«Бір күнде мына жағдайды дұрыстадық. Комиссия құрамыз да, зардап шеккендерге көмектесеміз. Кеше 4 үй деп ойладық. Сөйтсек, тек 2 үй ғана бүлінген екен», - деді Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ.

Аймақ әкімі өзге өңірлердегі жағдайды да жіпке тізді. Айтуынша, Қарасай және Жамбыл аудандарындағы қызыл сумен күрес қарқынды жүріп жатыр. Мамандар апаттан зардап шеккендердің тізімін жасақтап үлгерген. Арасында заңсыз салынған үйлерді де су басыпты. Сөйте тұра, облыстан оларды жөндеуге қаражат бөлінбек.

«Қарасай ауданында кеше болдым. Ол жерде 2 үйді басқан екен. Жамбыл ауданында да тап солай. Бірақ ондағы баспаналардың заңсыз тұрғызылғанын анықтадық. Сөйте тұра, оларға көмектесеміз. Өйткені, бүлінген үйде бірнеше бала тұрады», - деді  Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ.

Тұздыбастаудағы тасқын осыдан екі күн бұрын тасыған еді. Апатты ауыздықтауға 250 құтқарушы мен 45 арнайы техника жұмылдырылған.


Новости партнеров