Халықаралық студенттік спорт федерациясының басшысы Олег Матыцин Алматыға келді. Сыйлы мейманды әуежайда жарыс ойындарының ұйымдастырушылары мен журналистер қауымы күтіп алды. Ол дүбірлі дода басталғанға дейін, бірқатар кездесу мен келіссөз өткізбек. Ал, сайыс кезінде бақылаушы емес, үлкен бір топтың мүшесі ретінде жарысты тамашалаймын дейді.
"Жұмыс кезінде болатын жағдайларды кемшілік деуге келмейді. Бұл бірлесе жасаған жұмыстың нәтижесі деп білемін. Біз бақылаушы не болмаса супервайзер ретінде емес, керісінше үлкен бір топтың мүшесі ретінде келеміз. Мұның бәрі бүгін не кеше басталған жұмыс емес, Қазақстан Универсиаданы өткізу құқығын алған күннен бастап жасалып жатқан игі шаруалар",- деді FISU президенті, Олег МАТЫЦИН.
Федерация басшысы Алматының байрақты бәсеке ұйымдастыруға толық дайын екенін айтады. Олег Матыцин жарыс ойындары аяқталғанша, қаламызда болмақ.
«Біз - тұтас бір командамыз. Сондықтан, мен жеңімпаздар тобына жанкүйер боламын. Жүлделі орынға ие болғандар 8-інші ақпанда Универсиаданың жабылуында белгілі болады. Қатысушылар бұл күні осындай шараға қатыстық деп мақтанатындай болуы керек. Бәріне сәттілік тілеймін»»,- деді FISU президенті, Олег МАТЫЦИН.