Көлсай көлдеріне жаңа жол салынуы мүмкін

Көлсай көлдеріне жаңа жол салынуы мүмкін
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Көлсайға барар жолда тау жынысының сырғуынан туристік фирмалар теңгесінен айырылып жатса, жергілікті тұрғындар қауіпсіздік үшін алаңдаулы. Селден қорғаушылар сырғыма әсерінен Көлсайда төртінші көл  пайда болады деп болжады. Айтуларынша, тек осы Көлсай ғана емес, Қайыңды, Үлкен Алматы көлдері де кезінде осындай құбылыстың нәтижесінде пайда болған, яғни тау жынысы ор тұмсығын  тығындап тастағаннан кейін тұнған айдындар. Таудың сырғуына да басқа табиғи құбылыс әсер етеді. Ол - жоғары балды жер сілкінісі. Сонымен, теңіз деңгейінен 3-4 мың метр биіктіктегі, көрген сайын көз тоймайтын Көлсайға  туристер биыл бара ала ма? Құлаған таудың қатері қашан сейілуі мүмкін?

Малабектің  шоқысы деп аталып кеткен таудың сырғып, етекке түскеніне де аптаға айналды. «Көшкен тауды» көзбен көріп, сан түрлі адамдардың пікірін біліп келдік. Көрген көзге қауіп тудыратын топырақтың көлемін дәл санамаса да, қараған қызметкерлер қағазға кемінде 50 миллион текше метр топырақ көшті деп түртіпті. Әу баста сағатына 4 метрге дейін лықсып, сырғыған тау қазіргі уақытта Көлсай өзеніне жете тоқтаған. Бірақ қауіп сейілді деуге әлі ерте.

«Жарға барып тіреледі. Оларға ескерту берілген, үлгереді, бәрі кетеді. 8 сәуір күні жер сілкінісі болған. Соның әсері болуы мүмкін. Одан кейін жаңбыр жауды», - деді Алматы облысы Кеген ауданы Саты ауылдық округінің әкімі  Әлібек ИБРАИМОВ.

Сырғыған таудың маңында елді-мекен жоқ. Тек бір дәулеттінің зәулім де, сәнді сарайы, қора-жайы мен қожалығы тұрған бірнеше гектар жер бар. Ауыл әкімінің уайымдап, нұсқағаны да осы жер. Қой, мал баққан тұрғындар көшкін 19 сәуірде түнгі сағат үште басталды дейді. Сырғыған тау төмендегі электр бағанын қиратып, Көлсайға барар жолды жауып, алды  аққан өзенге тосқауыл бола бастаған. Сергелдеңге салынған сарапшылар мен қауіпке қарсы қызметкерлер қандай жағдай туындауы мүмкін дейді.

«Көшкін өзеннің арнасына түсе-түсе, сол жақ жағаға барып тіреледі. Биіктігі 5 метр, одан кейін 10 метр, оданда биік, ал ұзындығы 200 метр, оданда ұзын үйінді пайда болады жаңағы арнада. Сол үйіндінің әсерінен  көл пайда болуы мүмкін», - деді ҚР ІІМ ТЖК «Қазселденқорғау» ММ басшысы  Тоқтарбек  БАЙМОЛДАЕВ.

Яғни, төмен лықсыған тау массасы жоғарыдан аққан өзенді бөгесе, орта жолда өздігінен тағы бір көл пайда болады. Ғалымдардың айтуынша, Көлсайдағы үш су қоймасы дәл осындай табиғат құбылысы әсерінен пайда болған. Көлсайды қоя тұрып, кейінге, тарихқа қарасақ, тау басында тоқтаған, тұнған көлдер де табиғаттың кенеттен тулауынан туған. Мәселен, Алатаудағы Үлкен Алматы және басқа да қырыққа жуық моренды, мұзды көлдердің түзілуіне, ғалымдардың айтуынша,  зілзала себеп болған. Мысалы, сейсмикалық сарапшылар  1887 жылы күші 7,3 балды құраған Верный сілкінісін, 1889 жылы дүмпуі 8,4 балға жеткен Шелектегі және 1911 жылғы 8,2 балдық  Киминский сілкінісін еске салды. Соңғы бір ғасырдан астам уақыттағы дүмпулер осы өңірдегі табиғаттың өзгеше түрленуіне, көлдердің пайда болуына әкелген.

«Қазіргі жағдайда біздің осы қызылмен көшкін қаупі картада көрсетілген. Өте қауіпті жерлер деуге болады. Біздің Алматының, Алатаудың қырлары. Негізінде сол көшкін қаупі өседі деп ойлауға болады. Бірақ оны зерттеу керек. Себебі бұл қазіргі жағдайда басталып жатыр», - деді" Сейсмологиялық тәжірибелік-әдістемелік экспедиция" ЖШС бас директоры Мұхтар ХАЙДАРОВ.

Тау басындағы алып орларда орналасқан су қоймалары сәт сайын бақыланып, көшкінді болдырмаудың қаракеті тұрақты қаралып тұрады. Көлдің  көлемін көбейтпей, тереңдігі төмендетіліп, қалыптан асқан су  арна арқылы ағып кетеді. Алматыға қауіп төндіруі мүмкін моренді көлдерге олар мұзды шыңдарда жатқанына қарамастан, су сорғыштар мен арна аршитын тракторларда тік ұшақпен жеткізіліп жүр.

«Негізінде бізге шөгінді тау жыныстарын зерттеу керек. Екінші, мұздықтардың осы қанша су береді көлге, осы судың пайда болуы неліктен? Осы көлдің деңгейі қай уақытта селге алып келетінін қарастырып, бүгін жұлып кете ме, жұлып кетпей ме дегеннің бірнеше тәсілдерін қарастырып айттық. Жердің беті астына шөгіп кетеді. Сол кезде астындағы су тоқтап қалады. Сол судың қысымымен атып шығады. Қарғалыдағы су, сел солай болды», - деді География институтының директоры Ахметқал МЕДЕУ. 

Осыдан үш жыл бұрын Қарғалы өзені лаймен қоса қарағай, жуан дөңбектерді  қаңбақша ағызып, елді әбігерге салғаны санадан селдірей қойған жоқ әлі. Ал тарихты білетін тұлғалар тосқауыл тығыз болмаса, төбеден алып тастар төменге қарай домалауы мүмкін  дейді.

 «72 жылы шілде айының бас кезінде күн 40-45 градуста бір апта ысып тұрды. Медеу шатқалында кешке қарай, 65 жылы Медеу платинасы салынды ғой. Сол Медеу шатқалында жоғарыдан сел түскен екен. Сол кезде тек Медеу шатқалы ғана осы Алматыны сақтап қалды. Сондағы трагедия - тауға барып демалған қазақ радиосының бір журналисі семьясымен кетіп қалды. Қыздар университетінің  бір группа студенттері демалуға барған. Оларда сөйтіп ағып кеткен», - деді тарихшы Қайдар АЛДАЖҰМАНОВ.

Алматының төбесінде тоғандарды тоқтатып тұрған  таудың қыртысына  тек топырақ қана емес, мұз араласқандықтан көшкін келе қоймайды, дейді осы саланың сарапшылары. Ал Кегенде құлаған шоқы керісінше қатты тоң емес, құрамы құм, сары топырақ пен қиыршық тастардан құралғандықтан бұндай жерлер зілзаласыз да сырғи береді екен. Туристер көп тұрақтайтын Көлсайдың жолы осы қалпы ашылмаса, келесі бөктерден  жол салынуы мүмкін. Бірақ әліптің артын баққан билік әзірге нақты шешімге келген жоқ.

«Осы Саты ауылының өзінде 70 шақты үй, қонақ үйлер бар. Олар сол келген туристерге қызмет жасайды. Сондықтан жергілікті жердің әлеметік жағдайына себебі зор. Құрметі, Жалаңаштағы адамдарда келіп жұмыс жасайды.  Ескі үйлер сүріліп, қонақ үй, асхана салынуы, көктемде басталуы керек еді. Олардың жұмысына да кедергі келтіріп тұр», - деді «Көлсай көлдері» табиғи  паркінің бас маманы Хамит АҒАБЕКҰЛЫ.

Көлсайға көтерілер тұста күзет бар барғанды бастырмайтын. Ұлттық паркке баратын бағыттың жабылуынан жергілікті тұрғындар ғана емес туристік фирмалар тығырыққа тірелген. Тек Алматының өзінен бір адамды екі күнге қыдыртуға кемінде 15 мың теңге алатын фирмалар аптасына 200-дей жанды тау баурайына тыныстатып қайтады.  Жалпы Көлсай қорығына жылына 40 мыңға дейін қыдырушы келеді. Құлаған тау жылжуын толық тоқтатты деу әлі ерте. Себебі, жотадағы жарықтардың кесірінен  көз ұшындағы  жар тағы да құлайды деп отыр Малабектің шоқысын  тәулік бойы тексеріп жатқан мамандар.

Табиғаты тамылжыған Көлсайда терең де тұнық үш көл бар. Әрқайсысында шамамен 2,5 миллион текше метр су жиналған. Одан төменде  көшкен таудың маңында қазір отыздан астам техника, геодезист, геолог, гидрогеолог сынды 60-тан астам маман жүр. Олардың ұзындығы 1,7 шақырым, ені  900 метрге жуық  төтеден  төнген таудың түбінде тағы қанша уақыт қалары белгісіз.  Көлінің тұнық, табиғатының талайды тамсандыруымен аты шыққан ұлттық паркте туристік маусымның қашан ашылатыны да  анық емес.


Новости партнеров