Алматыда триатлоннан Азия кубогының жеңімпаздары анықталды. Алғаш рет оңтүстік астанада өткен жарысқа 16 елден келген 60-қа жуық атлет қатысты.
Айта кетерлігі, сайыста Азия елдерінен бөлек Австралия, Бельгия, Жапонияның да спорт саңлақтары бақ сынасты. Сенбі күні басталған байрақты бәсекені тамашалауға қала әкімі Бауыржан Байбек келіп, спортшыларға сәттілік тіледі.
«Біз қазіргі кезде қала тұрғындарының белсенді және салауатты демалуы ,яғни, велосипед тебуі, жүгіруі,жаяу жүруі үшін үлкен мүмкіндіктер жасаудамыз. Қалада 68 километр веложолдар абаттандырылды, таяу жылдары біз оларды 100 километрге дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Қазіргі кезде студенттер арасында футзалдан өтетін әлем чемпионатына дайындалудамыз. Алматыда алғаш рет ұйымдастырылған триатлоннан Азия кубогы да осы спорт түрінің елімізде, біздің қаламызда дамуына серпін береді деген сенімдемін», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Қала басшысының құттықтау сөзінен соң, «Elite» санатындағы ерлер мен әйелдер сынға түсті. Спортшылар Сайран көлінде 750 метр қашықтықта жүзіп шығып, содан кейін 10 км велосипедпен жарысты. Сайыс мұнымен тоқтаған жоқ, әрмен қарай қатысушылар 5 шақырымды жүгіріп өтуі тиіс. Үш кезеңнен сүрінбей өткен Жапония мен Корея атлеттері үздік үштікке енді. Бірінші орынды жапон қызы Ниина Кишимото иеленді. Қазақстандық спортшы қыздар алғашқы ондыққа кіргенімен, жүлделі орындардан көріне алмады.
«Бұл менің спорттық мансабымдағы ең үздік жарыстардың бірі болды. Сайыс оңайға соққан жоқ, қарсыластарым да мықты екен. Дегенмен, бірінші болып келгеніме қуаныштымын», – деді триатлоннан Азия кубогының жеңімпазы Ниина КИШИМОТО.
«Старт өте қиын болды. Себебі, Қостанайда біздің дайындалатын жолдар тегіс. Ал мұнда жоғары қарай жүгіргенде аздап қиынға соқты. Жүзу мен веложолдан жақсы өттім. Жалпы, финишке 16-шы болып келдім. Келесі жолы тыңғылықты дайындалатын боламыз», – деді қазақстандық спортшы (Қостанай) Яна МОРОЗОВА.
Ерлер арасында Гонконгтан келген Оскар Коггинсқа бірінші орын бұйырды. Қазақстандық спортшылар 9-шы, 10-шы, 14-ші орындарға табан тіреді.
«Старт оңайға соққан жоқ. Велосипед, трасса, бәрі жақсы болды. Велокезеңде артта қалып қойдым. Осы сайыстан жақсы нәтиже көрсетемін деп ойлаған едім, дегенмен, бұл жарыс», – деді қазақстандық спортшы Семен ПИВОВАРОВ.
«Біздің үмітіміз ақталды десем болады. Бәрі де ойдағыдай өтті. Мықты бәсекелестікке қарамастан, атлеттеріміз үздік ондыққа кірді. Қазақстандық спортшылар: Мейірлан Ысқақов 9-ошы рын, ал Темірлан Теміров 10-шы орынға жайғасты. Біздің спортшыларымыздың жас екенін, елімізде триатлонның енді дамып келе жатқанын ескерсек, бұл жақсы көрсеткіш. Әйелдер арасында атлетіміз 4-ші орын алды. Енді еліміздің барлық аймағында триатлонды дамытсақ деген мақсатымыз бар», – деді «Triathlon Аsian Сup Аlmaty» ұйымдастыру комитетінің директоры Ақмарал ЕСПЕНБЕТОВА.
Халықаралық спорт сайысы екі күнге созылды. Бірінші күні кәсібилер жарысқа түссе, ал екінші күні әр түрлі жастағы тіркелген 170-ке жуық әуесқой спортшының бәсекесі өтті. Әуесқойлар арасында алматылық Аслан Әбдрахманов жеңіс тұғырынан көрінді. Айта кетейін, байрақты бәсекеге ұйымдастырушылар тыңғылықты дайындалды. Сайран көлінің суы тазартылып, аймағы абаттандырылды. Жиегіне құм төгіліп, жолдары да жөндеуден өтті.
Тоғжан Аман, Алуа Сүлейменова, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы