|
03.08.2018 | 19:13
5169

Талғардағы туберкулезбен ауыратын балалар шипажайында 92 сау бала демалған

Талғардағы туберкулезбен ауыратын балалар шипажайында 92 сау бала демалған

Талғар ауданындағы түберкулезбен ауыратын балаларға арналған жалғыз санаторлық балабақшада бай-бағландар мен шенеуніктердің сау балалары тынығып жатыпты. Оларға бес уақыт тегін тамақ беріліп, бар жағдайлары қазынаның қаржысы есебінен жасалып келіпті. Соның салдарынан, науқас бүлдіршіндерге орын жетпей, ата-анасы жылдап кезек күтуге мәжбүр болған.

Мұндай шикіліктің шетін сезген прокурорлар мекемені тексеріске алған. Сөйтіп, өткен оқу жылында сауықтырудан өткен 114 сау баланың 92-сі орталықта заңсыз жатқанын анықтапты.

Бұл Талғар ауданына қарасты түберкулез ауыратын әрі осы дертпен сырқаттанған адамдармен қарым-қатынаста болған балаларға арналған жалғыз санаторлық балабақша. Қазір қаңырап бос тұрғанымен, бұрындары бұл жерге бас сұғудың өзі мұң болыпты. 100 балаға арналған шипажайда үнемі орын тапшы болып, ата-аналар науқас сәбилерін айлар бойы мекемеге орналастыра алмаған. Ал балабақша басшылығы келген адамға кезек күткеннен басқа амалдары жоқтығын қадап айтып отырған.

«Менің балам осы түбіркүлез ауруымен ауырды. Сол кездері осы балабақшаға орналастыруға көмек сұрап барған едім, маған орын жоқ деп қайтарып жіберді», – дейді Айгүл МҰРАТОВА.

Санаторлық балабақшаға Айгүл сынды бірталай адам сарғайып кезекке тұрған екен. Бірақ кезек сол күйі жылжымаған соң, көпшілігі прокуратураға шағымданған. Шикіліктің шетін сезген құзырлылар былтырдан бері мекемені тексеріске алып, талай былықты әшкере етіпті. Сөйтсе, сырқат балалар жатуы тиіс шипажайда бай-бағландар мен шенеуніктердің сау балалары тынығып жатыпты. Оларға бес уақыт тегін тамақ беріліп, бар жағдайлары қазынаның қаржысы есебінен жасалып келіпті.

«Соңғы 2 жылда аталған «Айналайын» балабақшасында 100-ден аса балаға туберкулез ауруынан емдеу жұмыстары жүргізілген. Олардың анализдерін тексеру кезінде 92 баланың орталыққа заңсыз орналастырылғаны белгілі болды. Заң бойынша, бұл мекемеде түберкулезбен ауыратын, осы дертпен сырқаттанған адаммен қарым-қатынаста болғандар және емделіп шыққан балалар сауықтырудан өтуі тиіс болатын. Бірақ біз онда жатқандардың арасында шенеуніктердің, тіпті кәсіпкерлердің де балалары барын білдік», – деді Алматы облысы Талғар ауданының прокуроры Бақұстар ҚЫДЫРБАЕВ.

Былтырдан бері құзырлылардың соңдарынан шам алып түскенінен сескенген балбақша басшылығы жыл басында өздерінің қаулысын шұғыл өзгертіп үлгеріпті. Олар «шипажайда бос орын қалса, түберкулезбен ауырмайтын балаларды да жатқызуға болады» деген құжат дайындаған. Сөйтіп, прокурорлардың соңғы тексерісі кезінде орталықта 60 бала жатқан екен. Барлығы да санаторлық емге еш мұқтаж болмаған. Қазір тегін тамақ ішіп, шипажайда заңсыз жатып келген бай балаларының барлығы үйлеріне кеткен. Орталықта тек 13 бала ем қабылдап жатыр екен. Дегенмен, балабақша ұжымы бұрын-соңды орын тапшылығы болды дегенді жоққа шығарып отыр.

«Ондай бізде болған жоқ. Мүлдем болған жоқ. Бізде керісінше, бала үнемі жетіспейді», - деді Алматы облысы Талғар аудандық №5 «Айналайын» балабақшасы меңгерушісінің міндетін атқарушы Майра ЖҮНІСОВА.

«Сонда прокурорлар өтірік айта ма?» деген сауалымызға: «Білмеймін ол жағын, прокурорлар өздері тексерген шығар. Ол жағында жұмысым жоқ. Бірақ бізде ылғи бала жетіспейді», - деп қысқа қайырды Майра ЖҮНІСОВА.

Былықтары әшкере болған соң, басшылық бірден шикілікке қатысы бар балабақшадағы медбикені қызметінен босатыпты. Ал меңгерушісі еңбек демалысына кеткен. Содан бері бұл жердегі балалар 1 ай көлемінде қараусыз жатыр екен. Өйткені, жұмыстан қуылған медбикеден басқа, науқастардың денсаулығына ешкім жауапты емес көрінеді.

Құзырлылардың тексерісінен соң аудандық ауруханада отырып жалған анықтамамен балабақшағаға жолдама берген дәрігер де жұмысынан қуылды. Оның үстінен жалған құжат жасағаны үшін қылмыстық іс қозғалған. Қазір прокурорлар қатаң сөгіс естіп, шұғыл еңбек демалысына кеткен балабақша меңгерушісінің үстінен де қызметін асыра пайдаланғаны үшін іс қозғамақ. Тергеу біткен соң, материал жақын күндері сотқа жолданады.

Айдана Мейрамбайқызы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир