Алматыда триатлоннан Азия кубогы басталады

Алматыда триатлоннан Азия кубогы басталады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ертең Алматыда триатлон бойынша Азия кубогы басталады. Жиырмаға жуық елден келген спортшылар 26 шақырымды еңсермек.

Жарысқа қатысушылар алдымен Сайран көлінде 750 метр қашықтықта жүзіп шығып, содан кейін 10 км велосипедпен жарысады. Жарыс мұнымен бітпейді, қатысушылар одан кейін 5 шақырым жүгіруі тиіс. Үш кезеңнен сүрінбей өтіп, суырылып  шыққандар жеңімпаз атанбақ.  

«Ертең «элит» категориясындағы спортшылардың жарысы болады. Олардың бәрі кәсіби атлеттер. 16 елден 58 атлет қатысады. Олардың 41-і ер адам болса, қалғаны әйел адамдар. Сағат 8.00-де әйел адамдардың, 11.00-де ер адамдардың старты беріледі. Жарыс үш сатыдан тұрады. Триатлон – динамикалық спорт түрі», – деді Қазақстан Триатлон федерациясының маркетинг менеджері Айдана САҒЫНАЙҚЫЗЫ.

Триатлоннан Азия кубогы Алматыда алғаш рет өтпек. Байрақты бәсекеге ұйымдастырушылардың дайындығы да тыңғылықты. Сайран көлінің суы тазартылып, аймағы абаттандырылған. Халықаралық техникалық делегаттар да Сайранның жиегіне төгілген құм мен жолдарды көріп жоғары бағасын беріпті.

Көптен күткен сайыс таңертең басталады. Ал арғы күні әуесқой спортшылар сынға түспек. Оған 200-ге жуық адам өтініш білдірген екен. Бүгін дайындықтарын бір пысықтап алған қатысушылар сайысқа сақадай саймыз дейді. Қазақстандық спортшылар да жүлделі орындардан үмітті.

Айта кетейік, осы жарысқа орай, Алматыда бірнеше көше уақытша жабылады.  

«Триатлон – өте пайдалы спорт түрі деп білемін. Одан бөлек, әр жарыс біз үшін адреналин. Ертеңгі жарыс та өте қызықты өтеді деп ойлаймын. Қарсыластарым да осал емес. Дегенмен, жеңіске жетуге біз де талпынып, Қазақстан намысын абыроймен қорғауға тырысамыз», – деді триатлоннан Қазақстанның 5 дүркін чемпионы Яна МОРОЗОВА.



Новости партнеров