Алматыда соғылған автобустардың зардап шеккен жолаушыларына өтемақы төленеді

Алматыда соғылған автобустардың зардап шеккен жолаушыларына өтемақы төленеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда қақтығысқан қос қоғамдық көлік жолаушыларына өтемақы төленеді. Бұл туралы Алматыэлектркөлік басшылығы мәлімдеді.

Айта кетейік, жексенбі күні болған жол апатынан 21 адам зардап шеккен болатын. Араларында 3 жеткіншек бар.  

12-ші бағыттағы қос автобус кеше Достық көшесінің бойында қақтығысқан. Зардап шеккен жолаушыларға тиісті медициналық көмек көрсетілді. Қазір ауруханада 5 адам ем қабылдауда. Оның біреуі – автобус жүргізушісі.

«Бүгінгі күнде реанимация бөлімінде жатқан науқастар жоқ. Барлық науқастың жағдайы бір қалыпты. 5 науқастың үшеуі Жедел жәрдем ауруханасында жатыр. Екі науқас Орталық қалалық клиникалық ауруханасында жатыр. Ал бір науқас 7-ші қалалық ауруханасына жеткізілді», – деді Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұржан ИСАБЕКОВ.

«Алматыэлектркөлік» өкілдері жол апатынан зардап шеккендерге жарақаттарының ауырлығына байланысты өтемақы төлейтіндіктерін айтты. Ол үшін тергеп-тексеру жұмыстары толығымен аяқталуы тиіс.

«Барлық жолаушыларға сақтандыру компаниясы арқылы өтемақы беріледі. Зардап шеккен адам жарақат алғанын дәлелдейтін құжаттарды тапсырса болғаны. Бірақ бұл жұмыстар тергеу амалдары біткен соң ғана қолға алынады», – деді «Алматыэлектркөлік» ЖШС директорының орынбасары Тимур САҒАЛИЕВ.

Ал қарсы бетте келе жатқан автобус жүргізушісі оқиға санаулы секундтарда орын алды дейді. Жүргізуші көліктің келе жатқанын көре сала тізгінді өз жағына бұрған екен. Аман қалғанымыздың себебі, қасымдағы кішкене балалардың періштелері қаққаны дейді.

«Негізі әр жүргізуші ең алдымен өз жағына алып қашады ғой, негізі. Бір жағынан, қасымда екі кішкентай бала бар еді, солар күш берді ме, әйтеуір, ортаға өзімді салдым да, жолаушыларды аман алып қалуды жағын ғана ойладым», – дейді №12 бағыттағы автобус жүргізушісі Бердалы РЫСБЕКОВ.

Жүргізушінің сөздері қаншалықты шындыққа жанасатыны сараптамадан кейін мәлім болады. Әзірге белгілісі, көлікті қол тежегішке қоймаған көлік жүргізушісі жұмыстан босатылды.

Өмір Әнуарбек, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров